«Канелоны» бір раундта үш рет құлатуға болады – Жәнібек Әлімханұлы (ВИДЕО)

0
178
Фото: instagram.com

Кәсіпқой бокстан WBO және IBF тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы Qazaqstan телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасына берген сұхбатында атақты мексикалық былғары қолғап шебері Сауль «Канело» Альвареспен жекпе-жекке шықса, бір раундта үш рет құлата алатынын айтып қалды.

Біз алғаш рет АҚШ-қа 2018 жылы барып, келісімшарт жасастық. Алдымызға айқын мақсат қойдық. Басты мақсатымыз әлем чемпионы болу еді. Сол мақсатқа жеттік. Міне, Аллаға шүкір, 13-жекпе-жекте әлем чемпионы болдым. Бес жылда тез арада екі тұжырым бойынша дүниежүзінің чемпионы атандым. Қазір екі титулдың чемпионымын, – деді ол.

Сұхбатта ол боксқа хобби ретінде қарайтынын айтты. Ол qazaq style деген атты тегін қоймағанын, болашақта өкшесін басып келе жатқан жас боксшылар шаршы алаңға шығып, қазақ стайлды дәріптесе, бұның елімізге жақсы бір септігін тигізетінін атап өтті.

«Кәсіпқой бокста Мексиканың, АҚШ-тың стилі бар. Ақыры бокстасып, жұдырықтасып жатқанда неге qazaq style жасамасқа, неше оны дамытпасқа деп ойладым. Өзіміздің бауырлар сол қазақ стилімен бокстасса, болашақта шаршы алаңға шығып жатқанда сол қазақ стайлды дәріптесе, бұл елімізге жақсы бір септгін тигізер деп санаймын.

АҚШ-қа барған кезде лақап ат таңдаумен жүрген болатынбыз. Сол кезде таңдаған атымыз қазақ еліне қалай әсер етеді деп ойлап жүрдік. Бірінші жекпе-жекте америкалықтар өздері лақап ат қойған еді. Бірақ менеджер ағам Берік Сұлтановпен ақылдасып, сөйлесіп, qazaq style деген атты таңдадық, – деді боксшы.

Айтуынша, ол кәсіпқой боксқа барған кезде әлемдегі ең жарық жұлдызбен рингке шығып, жұдырықтасқысы келген.

Бізде қазір екінші орта салмақтағы әлем чемпионы «Канело» болып тұр. Оны 100 пайыз жеңе аламын. Өйткені мен оның әрбір жекпе-жегін, жаттығуларын білемін. Бақылап отырамын. Қарап жүремін. Оның кемшілігі мен артықшылығын айта аламын. Оның бәрін дәптерге жазып отырамын. Егер онымен қолғап түйістіретін болсам, қандай тактика қолданып, қандай айламен жеңу керектігін білемін. Мен оны бір раундта үш рет құлата аламын. Бұл жай сөз емес.  Құдай қаласа, кездесіп жатсақ, іспен дәлелдеуге тырысамыз, – деді әлем чемпионы.

Еске сала кетсек, бұған дейін де Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы, мексикалық Сауль «Канело» Альвареске қарсы жекпе-жек өткізуге дайын екенін айтқан еді. Отандасымыз оны келесі жылдың ақпан айында жұдырықтасуға шақырып, оңай нокаутқа түсеретінін мәлімдеген болатын.

Менің дайын екенімді білесіздер. «Канело» дайын болса, мен онымен ақпан айында жұдырықтасуға дайынмын. Маған төрт белбеу керек. Мен оны оңайшылықпен нокаутқа түсіре аламын. Бокстан хабарыңыз болса, сіздер бәрін білесіздер, – деді боксшы.

Отандасымыз соңғы рет 15 қазанда германиялық Винченцо Гуальтьериді жеңіп, WBO және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ