Әлеуметтік қызметкерлер біліктілікті тану процедурасынан сәтті өтті

фото:gov.kz
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда,-деп хабарлайды zamandas.kz.
Әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін тану орталығы 2025 жылы Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы базасында құрылды. Бүгінгі таңда 2 453 әлеуметтік қызметкер біліктілікті тану процедурасынан сәтті өтті. Алынған сертификат аттестаттаудан өту және біліктілік санатын беру кезіндегі негізгі құжат болып табылады.
Былтырдан бастап әлеуметтік сала мамандарының кәсіби құзыреттілігі туралы мәліметтерді қамтитын Әлеуметтік қызметкерлер тізілімі жұмыс істейді. Бұдан бөлек Enbek.skills білім беру платформасында 12 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер оқытылды. Олардың барлығы курстарды сәтті аяқтап, сертификаттарын алды. Оқыту модульдері кейс-менеджментті, ведомствоаралық өзара іс-қимылды, қызмет алушыларды сүйемелдеуді цифрландыруды және әлеуметтік жұмыстағы инклюзивті тәсілдерді қамтиды.
Іске асырылып жатқан барлық шаралар әлеуметтік қызметкерлерді халықаралық стандарттарға сәйкес кәсіби даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге және халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Министрлік кадрлық әлеуетті дамыту, цифрлық құралдарды енгізу және әлеуметтік қорғаудың тұрақты, адамға бағытталған жүйесін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыра береді.






