«Ұлттық қор – балаларға!»: шотқа түсетін сома өсе ме

0
206
Фото: freepik.com

 – Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова балалардың шотына түсе бастаған 100 долларға қатысты түсінік берді.

«Әр баланың шотына 150 доллар түседі деп күтілген, нәтижесінде 100 доллардан түсті. Біз басында балалар қорына инвестициялық кірістердің 50%-ы дегенбіз. Біріншіден, бұл кіріске байланысты, екіншіден балалардың санына қатысты. Аллаға шүкір, туу көрсеткіші артып келеді. Балалардың шотына ақша аударудың есебін өткен жылы мамырда Қаржы министрлігі жасады. Иә, инфляцияны есепке алғанда бұл сома аз, бірақ бала кәмелет жасына толғанда кіріс айтарлықтай болады», – деді Тамара Дүйсенова Сенат қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Сондай-ақ, вице-премьер балалардың шотына қаржының жыл бойы үзбей түсіп тұратынын еске салды.

«Елдегі басқа да әлеуметтік активтерге сүйене отырып, Ұлттық банк зейнетақы активтеріне қатысты 2014 жылдан бастап үлкен табыс әкеледі деп айта аламын. Егер Ұлттық банк Ұлттық қорды басқаратын болса, онда жинақтау тиісті деңгейде жүреді деп күтеміз. Мәселе елдің байлығын барлық санаттағы азаматтар арасында теңдей бөлу, бірінші болып біз балалардан бастадық», – дейді ол.

Бұған дейін Тамара Дүйсенова елімізде алимент қорын құру мүмкіндігін туралы айтқан еді.

Одан бөлек, Үкімет басшысының орынбасары қосылған құн салығы қайта қаралып жатқанын хабарлады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ