Мәшһүр Жүсіптің шөбересі: «Атамыздың өлеңдері басқалардың атынан шығып жүр»

0
371
коллаж: Halyq Uni

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының көріпкелдігіне қатысты халық арасында тараған аңыз-әңгіме көп. Ағартушының шөбересі бүгінде айтылып жүрген әңгімелердің көбі бұрмаланып кеткенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Белгілі ойшыл, ақын, ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына биыл 165 жыл болды. Ақын жерленген Баянауыл ауданындағы Ескелдіде дүбірлі той өтті. Мерейтойда ақынның артында қалған екі ұлы – Мұхаммед-Шәрәпиден мен Мұхаммед-Пазылдан тараған ұрпақтары үй тігіп, тойға келген қауымға дастархан жайды.

Үлкен ұлы Мұхаммед-Шәрәпиден мен келіні Ақ Зейнептің шаңырағына тоқтап, ұсынған астан дәм татып, ақынның шөбересі Жастілек Көпеевпен аз-кем әңгімелестік. Ол Шәрәпиден атаның Сүйіндік деген баласының ұлы.

Жастілектің айтуынша, атасының көп еңбебі жоғалып кеткен. Ал қазіргі қолда бар еңбектері жеткілікті дәрежеде зерттеліп жатқан жоқ.

«Кезінде көп еңбегі жоғалып кеткен. Барының өзі жеткілікті деңгейде зерттеліп жатыр деп айта алмаймын. Кейбір аудармасында қателіктер бар, таралуын да мәселе бар. Бір сөзбен айтқанда жетіспейтін жақтары көп. Ұрпақтары бар ғой, орнына келер. Репрессия салдарынан атамыздың мұрасын зерттеу жұмысы кеш басталды. Кезінде Нағи Ахметов деген ақсақал болған, бірінші музейін ашып, бастама көтерген сол кісі еді. Сол кісінің арқасында мұралары сақталып қалды. Мәшекеңнің өткеніне көп жыл болды. Ұмтыла бастағанда, атаның ізімен жүріп бірқатар атақты тұлғаларды түгендеді. Үкібай бидің басына белгі қойып, Бұқар жыраудың қай жерде жатқаны белгілі болды. Еңбектері әлі зерттеле қойған жоқ. Халық біледі, алдағы уақытта зерттеледі деп ойлаймын», – деді ол.

Сондай-ақ Жастілек атасының кейбір шығармалары басқа авторлардың атымен шығып жатқанын айтты.

Кезінде Шәрәпиден атамыз Мәшекеңнің қолжазбаларын Алматыға апарып тапсырды. Ол кезде Түрксіб теміржолы Семей арқылы жүретін, сонда вокзалда отырғанда біраз қолжазбалар жоғалып кеткен дейді. Әлі табылған жоқ. Архивтегі жазбалардың да кейбір беттері жоқ. Қолды болып кеткен. Тіпті өлеңдері де біреудікі болып жүр. Мысалы, мектеп әдебиетіндегі «Ағайын» деген өлеңі біреудің атынан шығып жүр. Кезінде жауапты адамдарға ол туралы айтқан едік. Атамыздың біраз өлеңдері өз атынан шықпай жатыр, – деп қосты шөбересі.

Айта кетейік, Қаңтар оқиғасынан кейін елдің саяси өмірінде өзгеріс басталғанда әлеуметтік желілерде «Мәшһүр атамыз айтып кеткен қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман туды» деген жазбалар көбейген болатын. Шөбересінен «атаңыз шынымен де Жаңа Қазақстанда болжап кеткен бе?» деп сұрадық.

«Бұрмалау көп. Оған дейін Ванга айтқан деп жататын. Бірақ дәл осы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман» туралы бұрмаланып кеткен. Ол кісінің 14-ке дейін болжағаны бар. Анық айта алмаймын. Кезінде көп қудалау көрді. Төлепберген деген ақсақал оның арбакеші болған кісіден жазып алған. Қазір ол жоқ. Қудалау басталғанда Қарағанды жаққа кетіп қалған екен. Негізі көзі тірісінде атамыз, ол кеткен соң жақындары қудалауды көп көрді. Ақ Зейнеп әжеміз «1938 жылы мені үкімет қолына алды. 1941 жылы тынышталып, 46-дан бастап қудалау жалғасты» деп отыратын. Шәрәпиден атам 1936 жылы қайтыс болып кетті де, Пазыл атам қалды. Оған тиіспеген, көбіне әжемізге тиіскен. Өйткені ол Мәшһүр атамызды жуындырып, ақыретін айырбастап тұрған. «Мені Кепау (ГПУ) 1952 жылға дейін қудалады» деп айтқаны есімде. Мен әжемнің қолында өстім, көп ақсақалдар келетін. Бізді отырғызып қойып, олардан естіген атамыздың әңгімелерін жазғызатын. Ұзақ батасы бар. «18 мың ғаламға» деген ұзақ батасы болған. Соның бәрін жаздық. Жазбалар үйде жататын, кейін жоғалып кетті. Атамыздың қолжазбалары қазір бар шығар, кім білсін. Арабша жазу болған соң тұмар болып кетті ме? Бір жерден табылып қалар деп үміттенеміз. Қазір атамыздың болжамдарына қатысты көп қосылып айтылып жатыр», – деді ол.

Сондай-ақ «Мәшһүр атаны отырғызып жерлеген, бақайы шіріген» деген қауесетке қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл айтылғандар шыңдыққа жанаспайды.

«Зейнеп әжем «1931 жылы атам қайтыс болды, бір жылдан соң бізді кәмпескеледі. Бір құла ат қана қалды» деген еді. Оның өзі колхозда екен. Ескелдідегі бұлақ басындағы үйді жаптырып, Бөди деген жерге көшіріп апарған. Сонда Шәрәпи атамыз екеуі жұма сайын колхоздан ат сұрап алып, ақыретін айырбастып тұрған. Айырбастаған кезде терден сап-сары болып тұрады дейді. Оны алып, жаңасын жауып қояды. Мәшекең Шәрәпи атамыз бен Зейнеп әжемізге ғана ақыретін ауыстыруға рұқсат еткен. 1952 жылға дейін ашық жатты. 21 жыл бұрын жертөле болатын, бетін ашып ішіне түсіп, ақыретін айырбастаған. «Ұйықтаған кісідей жатты» дейді. Қазір «мысықты теуіпті, аяғы қарайып кетіпті» деп айтып жүр ғой. Әжем «1932 жылы келіп жүргенде сан етінен пышақпен ойып алған қарайған жер болды, қан ұйығандай болып жатты» деген еді. «Ашаршылық жылдары ойып алған ғой» деп айтты. Денесінде басқа өзгеріс болмаған. Бақайы қарайды деген – алып-қашпа әңгіме», – деді Жастілек Көпеев.

Айта кетейік, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 1931 жылы дүниеден өткен. Алайда оның мәйіті көмілмей, көзі тірісінде өзі салдырған мазарға қойылған. 1952 жылға дейін мәйіті ашық жатып, еш өзгермеген. 1954 жылы саман кірпіштен басына мазар салынады, ол қирап құлай бастағандықтан, 1978 жылы ақ кірпіштен екі бөлмелі етіп кесене салынған.

«1996-1997 жылдары әкей (Мәшһүр Жүсіптің немересі Сүйіндік) мәйіттің үстіне жабылған ағашқа су ағып, ішіне су кете бастаған соң темір қойып, цементпен жаптық. Сонда батыс жағындағы тесік ойылып кетті. Сол жерден жұпар иісті леп соғатын. Мүлдем басқа иіс. Бәріміз барып иіскейміз. Жел келетіндей жер емес қой деп таңғаламыз. Әкей дұға оқып, тас қойып, цементтеп жіберді. 2006 жылы қазіргі кесенесі салынды. Қазір атаның мүрдесі өте төменде қалды. Мавзолейді биік көтерген сайын астында тереңде қалды», – деді шөбересі.

Оқи отырыңыз: МӘШҺҮР ЖҮСІПТІҢ МУЗЕЙІНЕН ФОТОРЕПОРТАЖ

Асылдың сынығы бүгінде кесенеге зиярат етіп келушілер көп екенін атап өтті. Кесенені салуға мемлекет көмектескен. Ал кесенені ақынның ұрпақтары өздері күтіп ұстайды.

Келушілердің жәшікке тастаған ақшасын жинайтын қор бар. Ұрпақтары осы жерде күтіп-ұстаумен айналысады. Келушілер көп. Тек қарапайым халық емес, атаның мұрасын зерттесем деген қызығушылығы бар азаматтар келеді. Мәселен, биыл Түркиядан бір профессор арнайы келіпті, – деп жалғастырды сөзін.

Жастілектің айтуынша, Кеңес заманында Мәшһүр Жүсіптің ұрпақтары саяси қуғын-сүргін көргенін айтады.

«Көретінді бүкіл Көпеевтер отбасы көрді ғой. Әжемізге ГПУ-дың адамдары «шыңдықты айтпасаң, балаларыңды өлтірміз» деп қорқытқан екен. Қорыққан әжеміз 8 жастағы әкемізді оқуға кетіп бара жатқан Мәкен деген ауылдың қызына ертіп Алматыға жіберген дейді. Өзі де солай баланы жасырдым деп ойлаған, бірақ үш әріп біліп отырған. Өйткені ол заманда әр ауылда тыңшылары бар еді – бірі молда, бірі пошташы дегендей. Әкей оқуын бітіріп жатқанда, үш әріптің адамдары «Сен Көпеевсің, кім екеніңді білеміз. Барып фамилияңды айырбастап кел» дегенде ол атамды айырбастамаймын деп ауылға қайтқан. Колхозда өмір бойы жұмыс істеп, үкіметтің бақылауында жүрді.

Негізі көп қудалауды Зейнеп әжеміз көрді деп ойлаймын. Түрлі жала да жабылды. Пазыл атамызға тиісе қоймаған. Ол жуас, мұғалім болған. Әкейге ауылда жұмыс бермейтін, көрші ауылдарда істеді. Қудалаудың бір себебі – Мәшекеңнің Алаш арыстарымен хат алысып, кездесуі шығар. Бірақ ол революцияға үн қоспаған. Бірде-бір өлең шығармаған», – деді ол.

Бүгінде Қазақстанда репрессия құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия бар. Алайда Мәшһүр Жүсіптің советтік биліктен қудалау көрген ұрпақтары әлі де ақталмаған.

«Ақталды деген қағазды көрген жоқпыз. Мәрия деген көрші әжей болды, Зейнеп әжем екеуі сыбырлап, сөйлесіп отырады. Сонда ГПУ-ды айтып жатады. Біз жақындасақ тоқтай қалатын. Репрессияның қатты өтіп кеткені сонша, әжеміз тарих туралы айтпайтын және айтқызбайтын. Атам тарихшы болса да, мен 24 жасыма дейін қазақтың тарихын білген жоқпын. Әскерден кейін үйленіп, оқуға кеш бардым. Семейде Қайым Мұхамедханов, Араб Еспенбетовтен сабақ алып, содан кейін көзіміз ашылды. Қазір тарих туралы көп жазылып жатыр ғой, тіпті әр рудың тарихы бар», – дейді ақынның ұрпағы.

Шөбересі атасының көріпкелдігі туралы әжесінен естіген әңгімелерін де айтып берді.

«Әжем ол кісінің ілім іздеп 7 жылдап кететін деп айтатын. Құнына қарамастан ат сатып алады екен. Сосын 7 жылға дейін кететін кездері болған. Жолда қашса құтылатын, қуса жететін ат керек қой. Бұл да оның көріпкелдігі болса керек. Сондай-ақ атамыздың археологиямен айналысқанын айтып отырушы еді. Ақши деген жерде 10 жігітке көне обаның орнын қаздырған екен. 10 күндей қазғанда алып адамның аяқ сүйегі мен ыдыс-аяқ табылыпты. Әлгі сүйекті әкеліп керегеге ілгенде, жерге дейін жеткен. Бұдан әлгі адамның ірі болғанын байқауға болады. Кейін ол жерді әжемнің айтуымен іздеп таптым», – деді спикер.

Айта кетейік, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының үш ұлы болған. Ортаншы ұлы Мұхаммед-Әмен Ғани Мұратбаевпен бірге кедейдің балаларын жинап, интернат ашып, ағартушылықпен айналысып жүргенде зорлықпен алып кетіп, сатып жібергелі жатқан бір қызды құтқарады. Соған өшіккен саудагер хауызда шомылып жатқанда пышақ сұғып өлтіреді. 1923 жылы қайтыс болып, Тәшкентте жерленді. Артында ұрпақ қалмаған.

Біз Мұхаммед-Шәрәпиденнен тараймыз. Кіші ұлы Мұхаммед-Пазылдан ұрпақтары бар. Ұрпақтарының ішінде негізінде Қуандық ағамыздың балалары атамыздың жолын жалғап, ғылым, ағартушылықпен айналысып жүр. Шәрәпи атамыздан тараған ұрпақтары негізінен шаруашылықпен айналысады, – деп түйіндеді сөзін Жастілек Көпеев.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ