Мадрид мастерс турнирінде Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева бақ сынайды

0
21
Фото: ktf.kz

— Мадрид қаласында 23 сәуір – 4 мамыр аралығында WTA 1000 турнирі өтеді.

Аталған жарыста Қазақстаннан Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева өнер көрсетеді.

Төртінші ракетка болып тіркелген Е.Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастайды. Ол әлемнің 46-ракеткасы, Италия өкілі Лючия Бронцетти немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен кездеседі. Егер бәрі сәтті болса, Рыбакина ширек финалда әлемнің 6-ракеткасы, қытайлық Чжэн Циньвэньмен жолығуы ықтимал.

Дүниежүзілік рейтингіде 50-орында тұрған Ю.Путинцева алғашқы айналымда әлемнің 37-ракеткасы, қытайлық Юань Юэмен шеберлік таластырады.

Мадридте өткен жылы финалда рейтинг көшбасшысы, Польша өкілі Ига Швентекті 6:3, 3:6, 6:3 есебімен ұтқан әлемнің 2-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенко үздік шыққан еді. 2023 жылы Е.Рыбакина да, Ю.Путинцева да екінші айналымнан аса алмаған.

Бүгін жаңартылған WTA рейтингісінде Рыбакина мен Путинцева бұрынғы орындарында қалды.

Жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина 54-тен 56-ға төмендесе, Жібек Құламбаева 142-ден 141-ге көтерілді. Ю.Путинцева 365 сатыда қалса, негізінен жекелей сында ғана өнер көрсетіп жүрген Е.Рыбакина 543-тен 548-ге сырғыды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның алғаш рет Штутгарт турнирінің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ