Мал бордақылау алаңдарына 23,3 млрд теңгеге жеңілдетілген несиеге өтінім берілді

0
12

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-мен бірлесіп, ҚР Үкіметінің қолдауымен бордақылау алаңдарын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда.

Бүгінгі күні бағдарлама аясында жалпы сомасы 23,3 млрд теңгеге 45 өтінім қабылданды. Оның ішінде 22,3 млрд теңгені құрайтын 42 өтінім – ірі қара малды бордақылау бағытында, ал 950 млн теңгеге 3 өтінім – ұсақ малды бордақылау бағытында түсті.

Ең белсенділік танытып отырған өңірлер – Батыс Қазақстан, Түркістан, Ақтөбе облыстары және басқа да бірқатар аймақтар.

Еске сала кетсек, бағдарлама 2025 жылдың тамыз айының басында басталған болатын. Жалпы қаржыландыру көлемі шамамен 50 млрд теңгені құрайды. Негізгі мақсат – айналым қаражатын толықтыруға қолжетімді несие беру арқылы ірі қара мен ұсақ малды бордақылаумен айналысатын кәсіпорындарды қолдау.

Несиелеудің негізгі шарттары: қарыз мерзімі – 12 айға дейін, сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5%.

Мақсатты аудитория – негізгі қызметі ірі қара және/немесе ұсақ мал бордақылау болып табылатын және қажетті өндірістік инфрақұрылымы бар кәсіпорындар.

Қатысудың міндетті шарты – бордақыланған малдың кемінде 50%-ын отандық ет өңдеу кәсіпорындарына өткізу.

Өтінім беру немесе кеңес алу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жақын жердегі аймақтық филиалына жүгіну қажет.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ