Мектеп оқушылары еш кедергісіз насыбай атып жүр – депутат

0
116
Фото: parlam.kz

 – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жарқынбек Амантайұлы насыбай сияқты зиянды заттар сататын сауда орындарын бақылауды сұрады.

«4-5 сынып оқушыларының еш кедергісіз насыбай атып жүргенін көріп, еріксіз дабыл қағуға мәжбүрміз. Заңда шектеу қойылғанына қарамастан, бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде бала деп, жас деп қарамай, еркін сатылып жатыр. Оның үстіне, бүгінде формасын өзгертіп, кәдімгі қалташадағы шай секілді қораптап, шақшалап, түрлендіріп ұсынылып отыр. «Жевательный табак», «Снюс», «Шайба» деген атаулармен таралуда. Насыбай – не мәдениетке, не әдепке, не гигиенаға сай келмейтін жиіркенішті қалдықтардан жасалатын зат. Өкінішке қарай, бұрын оны тек үлкен адамдар ататын болса, қазіргі кезде мұнымен балғын жастар, тіпті болашақ ана болар қыздар да әуестенетін болған. Олардың саны жыл сайын артып жатыр. Бұған қоса, ел үміт күтіп отырған спортшы жастар арасында да бұл кері әдеттің қалыпты жағдайға айналғанын қалай түсінуге болады?!» – деді Ж. Амантайұлы ҚР Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова мен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, кейбір деректер бойынша халықтың 10 пайызы насыбай атуды әдетке айналдырған. Ең қауіптісі – оның құрамында қандай улы заттардың бар екенінің белгісіз болуы.

«Әдетте, оның құрамында химиялық заттар, әк, сексеуіл, арша, тобылғы ағаштарының күлі болады. Уытын арттыру үшін тауықтың саңғыры, түйенің тезегі де қосылады екен. Насыбайды мұқият зерттеген мамандар бұдан бөлек, оған есірткі мен психотропты заттардың да қосылғанын анықтаған. Бұлардың тұтынған адамды тез тәуелділікке ұшырататыны сөзсіз. Швед ғалымдары да бұған зерттеу жүргізіп, насыбайдың құрамынан хром, никель, кадмий, қорғасын, күшәла секілді химиялық заттарды тапқан. Бұлардың барлығы да қалыпты мөлшерден әлдеқайда артық болған. Еліміздің дәрігерлері насыбай атудың адамды тәуелділікке ұшыратумен қатар, түрлі ауруларға да душар ететінін айтады. Тіпті ол қатерлі ісікке, ұрпақсыздыққа апаратыны ғылыми дәлелденген. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, насыбай ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеледі екен. Олар соңғы кездері насыбайдың салдарынан қатерлі ісікке шалдыққандар арасында жастардың көбейіп кеткенін жеткізді. Сондықтан елді улап отырған бұл қатерлі дертті ауыздықтап, оның таралуына мүлдем тосқауыл қою қажет», – деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, елімізде насыбайға заң жүзінде шектеу қойылғанымен, орындалуында осалдық танытып отырмыз.

«Арнайы органдар сауда орындарына қатысты шешім шығарып, жас ұрпақты улап отырғандарға қатысты кешенді шара қабылдауы тиіс», – деді Жарқынбек Амантайұлы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ