Мемлекет басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедті қабылдады

0
102
Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам қайраткері, академик Мұхтар Құл-Мұхаммедті қабылдады, деп хабарлайды zamandas.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қазақстанның ғылымы мен мәдениеті, мемлекеттік және ақпараттық қауіпсіздігі, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Академик жақында өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитінде Мемлекет басшысының қауіпсіздікті нығайту, бейбітшілікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларына қолдау білдірді. Мұхтар Құл-Мұхаммед әлемдегі түрлі қақтығыстарды реттеу және олардың алдын алудағы орта держава ретінде танылған Қазақстанның рөлі арта түскендігін айтты. Сонымен қатар саммитте қабылданған Астана декларациясы мен жиырмадан астам құжаттың әлемдегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға зор үлес қосатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев тең құқылы серіктестікке негізделген тиімді аймақтық ықпалдастықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның көпжақты ынтымақтастығының маңызын атап өтті. Президенттің айтуынша, халықтар мен мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен тату көршілікті нығайтуда қоғамдық дипломатия ерекше рөл атқара алады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ