Мемлекет басшысы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевті қабылдады

0
68
фото:Ақорда
Президентке өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берілді.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, облыс экономикасы қарқынды өсіп келеді. Атап айтқанда, құрылыс саласында 12,3 пайыз, байланыста 8,5 пайыз, көлік бағытында 7,4 пайыз, аграрлық секторда 4 пайыз өсім бар. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 2,3 пайызға (311 мың шаршы метр) артқан. Негізгі капиталға 196,3 миллиард теңге тартылған.

Өңірдің 2027 жылға дейінгі инвестициялық портфелінде жалпы құны 2,5 триллион теңгені құрайтын 70 жоба бар. Бұл 6,3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін 19 жаңа өндіріс орнын іске қосу жоспарланып отыр. Облыс экономикасындағы өңдеуші өнеркәсіп секторының үлесі 64,5 пайызға жетті. Бұл ретте шетелдік ірі компаниялармен келісім аясында жүзеге асып жатқан фосфор өнеркәсібінің рөлі айрықша. Бүгінде аймақ шаруалары егін жинау науқанына кірісіп кетті. Болжам бойынша биыл негізгі дақылдардың жалпы түсімі 2,1 миллион тоннаға жетеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде баяндалды. Нақты айтқанда, облыста 26 денсаулық сақтау, 41 білім беру мекемесінің құрылысы жүріп жатыр. Биыл 452 медициналық жабдық пен 38 санитарлық автокөлік сатып алу жоспарлануда. Жыл соңына дейін 19 мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 2 апатты, 4 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен, сондай-ақ оқушы орны жетіспейтін 10 мектептің мәселесі шешіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы жылдың соңына дейін 37 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер, саябақтар мен гүлзарлар, арналар мен арықтар тазартылып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылды.

Кездесу соңыңда Президент облыс әкіміне өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытуға және тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ