Мемлекет басшысына ІІМ-нің тағы екі жобасы таныстырылды

0
153
фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінен кейін ведомствоның «Дактилоскопиялық тіркеу» жобасынан басқа, тағы екі жоба таныстырылды.

Мемлекет басшысына «Қорғау» мобильді қосымшасының жұмыс істеу барысы көрсетілді. Бұл қосымша жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өрескел құқықбұзушылармен күресуге арналған. Полицияның планшетіне маңайда жүрген «қауіпті» жүргізуші туралы хабарлама бірден келеді. Осылайша, «қауіп төндіретін топтармен», яғни жол жүру ережесін жиі әрі әдейі бұзатын жүргізушілермен жеке жұмыс жүргізіледі. Бұл бағдарлама тиімділігін дәлелдеді. Бүгінде еліміздің 16 аймағында және кейбір моноқалаларда қолданылады.

Сонымен бірге президентке «Автокөлік құралдарын заңдастыру, жол-көлік апаты болған жерден материалдарды сақтандыру компанияларына беру» жобасы таныстырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жеткізілген шетелдік көліктер заңдастырылып жатыр. Осыған орай Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекті оңтайландыру үшін өтінім қабылдауға арналған онлайн-сервис әзірленді. Көлік құралына тексеріс түгелдей автоматты режимде жүргізіледі.

Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетпен және «Мемлекеттік несиелік бюромен» бірлесіп, жол-көлік оқиғасы туралы материалдарды төлем жасау үшін сақтандыру компанияларына онлайн беру жобасын іске қосты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ