Әмин Тұяқовтың жүлдесіне арналған турнирге әлем рекордшылары келеді

0
77
Фото: astanameet

АСТАНА. KAZINFORM – 27 қаңтарда Астана қаласындағы Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде қазақстандық даңқты спортшы Әмин Тұяқовтың жүлдесіне арналған жабық кешендегі турнир өтеді.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, бәсекеге Халықаралық жеңіл атлетика қауымдастығының алтын деңгейі берілген (World Athletics Indoor Tour Gold). Бұған дейін Азияда мұндай санаттағы жарыс өтпеген.

Елордада төмендегі санаттағы жарыстар өтеді:

Әйелдер: 400 м, 60 м, 1 миль (1 609 метр), 60 м кедергілер арқылы, биіктікке секіру, ұзындыққа секіру.

Ерлер: 60 м, 60 м кедергілер арқылы, 3 000 м, 400 м, сырықпен секіру, ядро лақтыру.

Турнирге сырықпен секіруден Токио Олимпиадасының жеңімпазы, екі дүркін әлем чемпионы, тағы күміс жүлдегері, қазіргі әлем рекордының иесі (6,23 м) Арман Дуплантис (Швеция) қатысады. 200 метрге жүгіруде Гауһар лига финалының жеңімпазы Андре де Грасс (Канада), 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ниа Али, 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден әлем чемпионы Тоби Амусан секілді жеңіл атлетика жұлдыздары бар.

Биылғы маусымдағы World Indoor Tour Gold сериясының алғашқы турнирі Астанада өтеді. Алтын кезеңдер Чехия (30 қаңтар), АҚШ (4 ақпан), Польша (6 ақпан), Франция (10 ақпан), АҚШ-қа (11 ақпан) жетіп, 23 ақпанда Мадридте мәресіне жетеді. Яғни, 3 құрлықты қамтиды.

Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes бәсекесінің артықшылығы мен ерекшелігі:

Бұл – Париж Олимпиадасына ұпай жинау жарысы. Отыздан астам қазақстандық спортшы «Алтын» деңгейлі жарысқа қатысып, жеңіл атлетика жұлдыздарымен бәсекеге түсуге мүмкіндік алады. Жарыста 40 астам елден келген спортшы бақ сынайды.

World Athletics Indoor Tour аясында өткен әр жарыстың жеңімпазы биыл наурызда Глазгода өтетін жеңіл атлетикадан жабық кешендегі әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне автоматты түрде ие болады. Бұл жарыста толық қазақстандық мамандар төрешілік етеді.

Осындай дәрежелі доданы Астанада өткізу қазақ спортын әлемге танытуға, жеңіл атлетикаға деген қызығушылықты арттыруға көмектеседі.

Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes 5 мың көрермен жинап, 70-тен астам елде тікелей эфирде көрсетіледі деп жоспарланған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз