ОЛАФ ШОЛЬЦ MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ 

0
121

16 қыркүйекте Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц Maqsut Narikbayev University студенттерімен ашық кездесу өткізді. Бұл Олаф Шольцтің Қазақстандағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған ресми сапары аясындағы маңызды кездесулердің бірі болды.

MNU Басқарма Төрағасы Талғат Нәрікбаев Федералдық канцлер Шольцке бүгінгі кездесу үшін және екіжақты қарым-қатынасты дамытудағы қызығушылығы үшін алғысын білдірді.

«Бүгін сізді университет қабырғасында қарсы алу – біз үшін үлкен мәртебе. Біз жаһандық үдеріске бағдарланған білім беру жүйесін дамытып жатқанымызды мақтан тұтамыз. Жақында академиялық байланыстарды нығайту мақсатында Франкфурттағы Еуропалық Виадрина Университетімен келісімге қол қойдық. Неміс университеттерімен және елшілікпен әріптестік – Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесіміз. Сізге уақыт бөліп келгеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Бұл диалогтың біздің студенттер үшін өте маңызды болатынына сенімдімін», – деді Басқарма Төрағасы.

Кездесу барысында Олаф Шольц университет студенттерімен ашық сұрақ-жауап сессиясын өткізді. Іс-шара аясында халықаралық саясаттың өзекті тақырыптары, Қазақстан-Германия ынтымақтастығының келешегі, қарқынды технологиялық және әлеуметтік өзгерістер дәуірінде жастарға ашылатын жаһандық сын-қатерлер мен мүмкіндіктер талқыланды.

Канцлер MNU студенттерінің Қазақстан мен Германияның одан әрі ынтымақтастығы туралы сұрағына жауап бере отырып, елдер арасындағы ақпарат пен тәжірибе алмасудың ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

«Бұл тек екіжақты дамуға ықпал етіп қана қоймай, өзара пайдалы болуға да мүмкіндік береді. Ынтымақтастық және мүмкіндіктермен алмасу – әлемдік өзара байланыстың негізгі аспектілеріне айналуда. Германия өз кезегінде халықаралық қатынастарда шешуші рөл атқаратын механизмдердің бірі ретінде ақпарат алмасуға және серіктестік қатынастарын нығайтуға әрдайым ашық», – деді ол.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ