Олжас Бектенов Премьер-Министр болып тағайындалды

0
75
Фото: Ақорда

 – Мәжіліс депутаттары Премьер-Министр лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновті тағайындауға келісім берді.

Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысы кандидатурасын талқылағаннан кейін «Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Бектенов Олжас Абайұлын тағайындауға келісім берілсін» деген қаулы жобасына дауыс берді.

Дауыс беру барысында жалпы отырысқа қатысқан депутаттардың 69-сі оның кандидатурасын қолдап, 7 депутат қалыс қалды.

Іле-шала Мемлекет басшысының Олжас Абайұлы Бектеновты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі етіп тағайындау жөніндегі жарлығы шықты.

Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.

Бұған дейін Мемлекет басшысына AMANAT партиясының атынан Премьер-Министр лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновтің кандидатурасы ұсынылған еді.

Мәжілістің пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр лауазымына Олжас Бектеновты тағайындау үшін депутаттардың келісім беруін сұрады.

Олжас Абайұлы 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған.

Қазақ мемлекеттік заң академиясын (2001 ж.) үздік бітірген, мамандығы «Заңгер».

ІІ дәрежелі «Айбын» (2014 ж.) және «Даңқ» (2021 ж.) ордендерімен наградталған.

2002-2005 жылдары Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы.

2005-2006 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы.

2006-2009 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде жұмыс жасады.

2009-2012 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары.

2012-2014 жылдары ҚР Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы.

2015-2016 жылдары Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі.

2016-2017 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы.

2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары.

2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары.

2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары.

2022 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.

 KAZINFORM

ПІКІР ҚАЛДЫРУ