«Қомақты қаржы берген»: Бельгиялықтар асырап алған Жәнібекке қатысты тың дерек шықты

0
87
видеодан кадр

Қазақ баласы Жәнібек Жұмағұловты асырап алған бельгиялық отбасы Арқалықта бір кісіге қомақты ақша берген

Белігілі тележүргізуші Қымбат Досжан бельгиялық отбасы асырап алған қазақ баласының туған анасын іздеу барысында кезіккен жаңа деректерді айтты.

Журналистің сөзінше, Арқалық қалалық полиция басқармасына Бельгия азаматы Жанни Эдди Савельевтің атынан және Қазақстандағы заңды өкілі ретінде өз атынан сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша арыз беріліп, іс қозғалған. Алайда, қылмыстық іс қандай да бір құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты қысқартылыпты.

«Қазіргі жаңалығымыз Жан Эддиді асырап алған бельгиялық азаматша Қазақстанға келмей тұрып, Жәнібек Жұмағұловтың суреті мен жеке мәліметін электрон пошта арқылы алғанын мәлімдеді. Одан бөлек, асырап алған адам Арқалыққа келгеннен кейін бір кісіге қомақты қаржы бергенін де айтты.

Ол осы оқиғаны зерттеу барысында Арқалық қаласының балалар үйінен 2000-2004 жылдар аралығында 80-нен астам баланы шетелдіктер асырап алғанын да мәлімдеді.

Бұл баланың барлығы заңды түрде шетел асты ма?! Жоғарыдағы мәліметтерді ескере отырып, біздегі сараптама және зерттеу қорытындыларын негізге ала отырып, Арқалық қалалық полиция басқармасында қозғалып, кейін тоқтатылған істі тек «салғырттық» бабы бойынша емес, «кәмелетке толмағандар саудасы» бойынша қайта қозғалуын еліміздің Бас прокурорына xат жолдадық. Редакция Мәжіліс депутаты Заңнама және сот құқықтық реформа комитетінің мүшесі Абзал Құспанмен де жолығып, заңгерлік кеңес алды. Депутат бұл маңызды мәселеге бұдан әрі қарай да көмек беретінін айтты», – дейді ол.

Еске салайық, Жәнібек желтоқсан айында туған анасын іздеп Қазақстанға келген еді. Бұл туралы ҚР СІМ жанындағы «Отандастар қорының» вице-президенті Олжас Беркінбаев желідегі парақшасында жариялап, ел халқынан Жәнібектің ата-анасын тауып беруге қолғабыс жасауды сұраған болатын.

Оның оқиғасына «Бармысың, бауырым» хабары редакциясы білек түре атсалысып жатыр. Жәнібек Арқалыққа да арнайы барып, ата-анасын іздеді. Қазіргі таңда Жәнібектің әкесі, анасы болуы мүмкін азаматтар ДНҚ сараптамасын тапсырып жатыр.  Ал хабар редакциясы жақында ғана бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ