Отанға қызмет ету – баршамыздың ортақ міндетіміз

0
17

Астанада Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінде әскери кафедра студенттері ант қабылдады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Салтанатты жиын барысында 440-тан астам студент Қазақстан Республикасына адал болуға ант беріп, Отанға қызмет етуге және ұлттық мүдделерді қорғауға дайын екендерін растады. Рәсім белгіленген әскери дәстүрлерге сәйкес ұйымдастырылды. Ант қабылдау барысында жеке құрам сапқа тұрғызылып, Мемлекеттік Ту салтанатты түрде шығарылды, Мемлекеттік Әнұран орындалды. Сонымен қатар, университет басшылығы мен құрметті қонақтар құттықтады.

«Біздің әскери кафедра және жалпы университет үшін маңызды оқиға өтті. Әскери кафедрада білім алған 448 студент әскери ант қабылдады. Кез келген азамат үшін әскери ант беру – өміріндегі ең жауапты әрі сындарлы сәттің бірі. Студенттер кафедрада теориялық және практикалық дайындықтан өтті. Әскери кафедрамыздың ерекшелігі – мұнда Астана қаласының 9 жоғары оқу орнының студенттері білім алады. Сабақ өткізу барысында біз тек теориялық білім беріп қана қоймай, жастарға әскери-патриоттық тәрбие де береміз. Сонымен қатар, кафедрада тек ұлдар ғана емес, қыздар да оқиды. Біз мұны мақтан тұтамыз. Өйткені жыл сайын әскери білім алуға ниетті қыздардың саны артып келеді», – деді вице-адмирал, университет әскери кафедрасының бастығы Жандарбек Жанұзақов.

Аталған әскери кафедра елорданың жетекші жоғары оқу орындарының студенттерін біріктіреді. Олардың қатарында Nazarbayev University, Maqsut Narikbayev University және басқа да жоғары оқу орындары бар.

Іс-шараға Қазақстан Қарулы күштерінің ардагерлері мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

«Бүгін университетте студенттер ант қабылдап, әскери сапқа қосылып жатыр. Бұл – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Қазіргі уақытта әскерден жалтару фактілері де кездеседі. Дегенмен, әр азамат елін ақ ниетпен, адалдықпен және батырлық рухпен қорғауға дайын болуы керек. Отанға қызмет ету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінгі күннің маңызы ерекше. Осы орайда ата-аналар мен сарбаздарды әскери ант қабылдауымен шын жүректен құттықтаймын!» – деді Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.

Айта кету керек, запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттер үшін бұл алғашқы ант қабылдау рәсімі. Себебі әскери кафедра 2024 жылы құрылған. Сонымен қатар үздік студенттердің ата-аналары университет президентінің атынан алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, әскери-тарихи музейдің көшпелі көрмесі ұйымдастырылып, жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін нығайтуға бағытталған материалдар ұсынылды.