Партиялық тізім тіркелді

0
119

Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы» мәселесі қаралды.

Жиынға «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермұхамет Ертісбаев, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары (бейнеконференция режімінде) және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ Бас прокуратура, Әділет, Ішкі істер, Қаржы министрліктерінің жауапты лауазымды тұлғалары, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) сайлауды байқау миссиясының өкілі шақырылды.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров елімізде тіркелген 7 саяси партияның барлығы партиялық тізімдер бойынша Парламент Мәжілісі де­путаттарының сайлауына қатысуға жібе­рілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол 1 ақпанда ОСК-ға Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға партиялық тізімді ұсыну туралы Қазақстан Халық партиясының құжаттары тапсырылғанын еске салды. Орталық сайлау комиссиясы сайлау заңнамасына сәйкес кандидаттардың Конституциямен және Сайлау туралы Конституциялық заңмен қойылатын талаптарға сәйкестігін аңықтау бойынша тиісті рәсімдер жүргізді.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов «Қазақстан Респуб­ли­касындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 89-бабына сәйкес тіркеуге бір саяси партиядан бір ғана тізім жіберілетінін, оған саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санының 30 пайыздан аспайтын адамдар саны енгізілгенін хабарлады. Партиялық тізімде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар саны жиынтық бойынша оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 па­йызын құрауға тиіс.

Белгілі болғандай, Қазақстан Халық партиясы 52 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынған. Тізімдегі 17 кандидат әйелдер, жас­тар және мүгедектігі бар адамдар санатқа жатады, яғни талапқа сәйкес 32,7 пайызды құрайды. Партиялық тізімге енгізілген барлық адамдар Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді.

Шавкат Өтемісов партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшерінде Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгізетінін хабарлады. Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында да­уыс беруге қатысқан сайлаушылардың 5 және одан да көп пайызын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді.

2021 жылғы қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында Қазақ­стан Халық партиясы сайлаушылардың 9,1 па­йызын жинады. Осыған байланысты аталған пар­тия сайлау жарнасын төлеуден босатылады.

Комиссия мүшелері сәйкестікті аңықтау және тіркеу туралы тиісті хаттамаларға қол қой­ғаннан кейін «2023 жылғы 19 наурызға та­ғайындалған Парламент Мәжілісі депутат­тарының кезектен тыс сайлауында «Қазақстан Халық партиясы» Қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы» қаулы қабылдады. Тіркелген кандидаттар тиісті куәліктерін алды.

Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров Қазақстан Халық партиясының партиялық тізімі тіркелгенін және енді партия сайлау қорын қалыптастыру үшін арнаулы уақытша шот ашуға құқылы екенін атап өтті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ