Паттеев парасаты

0
209
фото: turkystan.kz

Шәкең басқарған Túrkistan газеті бірден қоғамдық-саяси оқиғаларды алдыңғы лекке шығарды.

Халықаралық саяси ап­талық Túrkistan га­зеті тәуелсіз Қа­зақ­стан тұсында кін­дік кескен ба­сылым. 1994 жыл­­дың 28-қаңтарында ал­ғаш­қы нөмірі жарық көрді. Га­зеттің алғашқы Бас редак­торы – Халық жазушысы Қал­тай Мұ­­­хаметжанов. Ең ал­ғаш­қы құрылтайшылары­ның бірі – халық жазу­шысы Әбдіжәміл Нұрпейісов. Осындай қос алып тізе қосып, түркітілдес ел­дердің ақпарат айнасын дү­ниеге әкелді. Ә дегеннен-ақ қа­зақ руханияты мен мәдениетіне қатысты талай сүбелі мақа­лалар шығып жатты. Қалағаңның редакцияға келіп-кет­кенінің өзі бір мереке еді. Сағат он-он бірге таман келіп, қыз­мет­керлермен амандасып, редакцияға келген меймандармен қау­қыл­дасып болғаннан кейін, «Әй, жігіттер, үкіметтің жұмысы біз­ді өлтірер, түскі ас ішпесек болмас» деп айналасын күлкіге қа­рық қылып кететін… 

Қалтай ағадан кейін 1997 жылы редакторлық тізгінді Шәмшидин Паттеев ұстады. Шәкеңмен бірге оқыдық. 1984 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірдік. Түркістандағы музейде еңбек жолын бастады. Реставрация жасау ісімен айналысты. 1988-1991 жылдар аралығында «Өнер» баспасында редактор, 1991-1994 жылдар аралығында «Алдаспан» жастар шы­ғармашылық бірлестіктері қауымдастығының бас директоры болып қызмет атқарды.

Әр газет өз редакторының бет-бейнесіне ұқсайды. Шәкең басқарған Túrkistan газеті бірден қоғамдық-саяси оқиғаларды алдыңғы лекке шығарды. Өзге газеттер бара бермейтін сан алуан саяси мәселе осы басылымда жарық көретін. 2000 жылдан 4 беттен 8 бетке көбейген ірі форматты газеттің алғашқы бетінен соңғы бетіне шейін небір қызықты мақалалар шыға бастады.

Сол кезде әріптестер арасында газеттердің ти­ражын алға тартып, «Біздің таралым да, қаралым да күшті» деген сыңайдағы әңгімелер болатын. Шәмші сонда Túrkistan-ның тиражы аса көп емес, бізді оқитындар Қазақстандағы саясатты қанша адам жасайды, міне солар» деп ұтымды уәжін алға тартушы еді.
Қалтай ағаның ауыл туралы, қазақтың іш­кі бірлігі туралы мақалаларына сол тұстағы Мем­лекет басшысы тікелей өз қолымен бұ­рыш­­тама қойып, мәселеге мемлекеттік тұрғы­да маңыз бергенін білеміз.

Шәмші басқарған тұста  «Мемлекеттік тіл жә­не БАҚ» атты айдармен 2001 жылдан 2003 жыл­ға дейін «Ақпарат кімге қызмет етеді?», «Ақ­парат кеңістігінің қожасы кім?», «Саясат» өмір­шең бағдарлама ма?» атты мақалалар же­лісі үзбей шығып тұрды. Осы мақалаларда мем­лекеттің ақпарат саласында жүргізіп отыр­ған саясаты, оның жүзеге асырылу бары­сы, ұлттың ұлылығын ұлықтайтын телебағ­дар­­­ламалардың өмірге келмей отырғандығы, қар­жы алпауыттарының оған жағдай жасамай жатқаны жиі көтерілді.

Шәмшінің редакторлық көрегенділігі ұлт­тық мүдде, ұлттық құндылықтар тұрғы­сын­да­ғы мақалаларда жатыр. Мемлекеттің күре­та­­мыры іспеттес рухани сала – мәртебесі ай­қындалмаған тіл мәселесі, әлеуметтік және діни тақырыптар, білім-ғылым саласына ар­нал­ған мақалалар діттеген нүктесіне жиі же­тіп жатты.
Túrkistan газетінің елге мәлім ерекшелігі – ұлттық құндылықтарды насихаттап, дәстүрлі дүниетаным мен болмыстың сақталуына үлес қосуы. Отбасылық құндылықтардың дәріп­телуі­не барынша атсалысуы дер едік. Шәм­ши­дин Әшенқожаұлы апталық газет шығаруға ұйыт­қы болып қана қойған жоқ, сонымен қа­тар басылымның жаңа тұрпатты келбетін жа­сады. Газет бетінде түрлі қоғамдық мәсе­ле­лер­ге салиқалы сараптама жасауды тілші­лер­ден үнемі талап етіп отырды. Тілші демекші, осы газеттен талай мықты журналист қыздар шық­ты. Дидахмет Әшімхан, Көлбай Адыр­бек­ұлы, Жаңабек Шағатаев секілді қаламы қа­рым­ды қаламгерлер Шәкеңмен бірге қойын-қол­тық жұмыс істеді.

Атауына сәйкес тек қазақтың ғана емес, бү­тін түркі дүниесінің тыныс-тіршілігі, ру­хани құндылықтарын көтерген іргелі басы­лым­ның сарғайған нөмірлері тігіндісінде тұ­тас шежіре жылдар жатыр. Паттеев халық­ара­лық ақпарат нарығында қазақ елінің төл бет-бейнесін қалыптастыруға зор үлес қосты. Шәкеңнің табандылығының арқасында оның қан­дастарымыз жиі шоғырланған Ресей, Моң­ғолия, Түркия, Қырғыз Республикасына дейін қан­шама елге тарағанын айту абзал.
Шәмшидин Әшенқожаұлы – Қазақстан Рес­публикасының Еңбек сіңірген Мәдениет қай­раткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақ­стан Республикасының Тәуелсіздігінің 10 жыл­­дығы», «Астананың 10 жылдығы» медаль­дары­мен марапатталған.

Газет ширек ғасырлық мерейтойына жет­кенде Шәкең былай деп құттықтаған екен: «Ха­­лықаралық Túrkistan газетінің ұжымын 25 жыл­­дық мерейлі белесімен шын жүректен құт­тықтаймын! Мемлекетіміз өз тәуелсіздігін жа­риялап, егемендігімізді тұғырлы ете баста­ған тарихи тұста елімізде азаттықтың ай­шық­ты үлгісіндей болған жаңа көзқарастағы ұлт­­­тық басылымдардың өмірге келе бастауы сол кездегі қоғамның әлеуметтік сұранысынан, рухани қажеттілігінен туындағаны белгілі. Бұл газетті ең алғаш құрып, жарыққа шығарған, қанатын қатайтып ақпарат кеңістігінде еркін самғауына жол ашқан – ұлттық әдебиетіміздің аса көрнекті өкілі, классик жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджанов ақсақал екенін баса айтқым келеді. Егемендігіміздің алғашқы жыл­дарында өзіндік үнімен, айтар сөзімен, «тү­гел Түркістан» идеясымен ақпараттық кеңіс­тіктегі ұлттық басылымдар қатарын арт­тырған Túrkistan басылымы аз уақыттың ішін­де сан мыңдаған оқырманның жүрегіне жол таба білген салиқалы да салмақты газетке ай­налды. Газеттің бүгінгі күнге дейінгі жүріп өт­кен ширек ғасырлық жолы, саяси-әлеумет­тік, экономикалық, мәдени ауқымда қозғаған өзекті мәселелері еліміздің дербес ақпараттық кеңістігін қалыптастыруға, рухани-мәдени құн­дылықтарды дамытуға сүбелі үлес болып қосылғаны ақиқат. Бұл өнегелі үрдіс бүгін де өз жалғасын табады деп сенеміз». Осыдан ар­тық сөз бар ма?!.

Túrkistan газеті 30 жылдық мерейтойына же­тіп отыр. Аты да, заты да жақсы газет. Тағы­лым алар басылым. Ал соның бастауында па­ра­сатты Паттеев секілді менің әріптес до­сымның болғаны тек мен үшін ғана емес, бү­кіл журналистер корпусы үшін де үлкен мақ­таныш!

Нұртөре ЖҮСІП,
Сенат депутаты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз