Пітір садақа берудің пайдасы

0
217

Араб тіліндегі «фитр» сөзінің тілдік мағынасы «жаратылыс», «оразада ауыз ашу» дегенді білдіреді. Қазақ тілінде «пітір» деп қолданысқа еніп кеткен. Бұл – рамазан айындағы оразасын тәмамдау және біліп-білмей істеген қате-кемшіліктеріне төлем ретінде немесе әр адамның жеке басы үшін берілетін садақа.

Ораза ұстаған адам кейбір дүниелік істерге бола көңілге келетін жаман сөздер айтып, жағымсыз әрекеттерге барып басқаларды ренжітіп қоюы мүмкін. Мұндай істер оразаны бұзбаса да оның сауабын кемітіп, ораза ұстаушының көңіліне күдік салады. Пітір садақасы осындай күдіктен айықтырып, кемшілігінің орнын толтырады.

Пітір садақаның пайдасы

1) Қате-кемшіліктерді толықтырады. Ораза айында тілімен, ойымен, көзімен істеп қойған қате-кемшіліктерді өшіреді. Осылайша, оразада жасалған кейбір кемшіліктерден тазарып, ақыретте оразаның толық сауабын алуына пітір садақасы себеп болады.

2) Оразаның кабыл болуына септігін тигізеді. Жарир риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Адамның оразасы жер мен көктің арасында асулы тұр. Пітір садақа бергеннен кейін ол орнына жетеді», дейді. Яғни, оразаның кемшіліктері пітір садақасымен толықтырылып, кемел түрде оразаның қабыл болуына септігін тигізеді.

3) Кедейлерді куантады. Айт күні тек жағдайы бар байлар ғана қуанбай, кедей, мұқтаж адамдар да қажеттерін алып, мол қуанышқа кенеледі.

Сондықтан пітір садақасын беру арқылы кедейлердің мұң-мұқтажын өтеп, бұл күннің шындығында куанышты күн екендігін сезінеді. Бұл жанымыз бен тәніміздің зекеті деуге болады. Аллаһтың адам баласына сыйлаған сансыз нығметтері мен денсаулығына шүкіршілік ретінде беріледі. Сондықтан пітір садақасы сәбиге де, ораза тұтушыға да, ораза тұтпағанға да міндеттелді.

Еске сала кетейік, биыл пітір садақа мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ