Пластмассаға көмілген әлем

0
131

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнінің белгілен­геніне бүгін 50 жыл толып отыр. БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен бұл күні шартараптың түкпір-түкпірінде миллиондаған адам планетамызды тазалауға ат салысады. Жаһандық қозғалыс қазірдің өзінде белсенді қимылдап жатқанымен, табиғатты бүлдіретін басты жау – пластмасса өнімдерді азайтуға кей мемлекет құлық танытпай тұр.

Естеріңізге сала кетейік, биыл нау­рызда Кения астанасы Найробиге шартараптың экология саласына жауап­ты басшылары жиналған-ды. БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау ас­самблеясының кезекті кездесуінде пла­нетамыздың басты экологтері «Плас­­тмасса қалдығын жоямыз» деп ата­латын қарар қабылдаған еді. Олар­дың қатарында Қазақстан да бар. Құ­жатта пластик өнімдерімен күресу тәсіл­дері егжей-тегжей жазылды. Енді, келесі жиын кезінде, яғни 2024 жылы қарарды бекітпек. Оған дейін түрлі деңгейдегі келіссөздер жүргізіліп, қойылған мақсатқа қол жеткізу тәсілдері талқыланады. Мәселе де осы жерден шығып отыр.

Жалпы, пластмасса өнімдерінің қал­дығы бүгінде әлемге үлкен қауіп төндіріп отырғаны белгілі. Өйткені бұл материалдың табиғи жолмен шіруі өте баяу жүреді. Көп жағдайда жүз­деген жылдарға созылады. Сол себепті мұндай қоқыс қоршаған ортаға да, адам­дардың денсаулығына да, жан-жануарларға да үлкен қауіп төндіреді. Мәселен, жыл сайын әлемде 400 миллион тонна пластик қоқыс шығарылады екен. Осы қал­дық­тардың бәрін  жина­сақ, Мысыр пирамидасының 67-сін құрастырып шығаруға жетеді.

Өкініштісі де сол, 400 миллион тонна қоқыстың жартысына жуығы – сусын құтысы, қаптама секілді бір реттік пайдаланылатын пластмасса өнімдер. Алайда жалпы пластик қалдықтың тек он пайызы ғана қайта өңделеді. Қалғаны полигондарға төгіліп, ормандар мен далаларда шашылып, мұхиттарды ластайды. Шамамен, жыл сайын 23 миллион тонна пластмасса өзендерге, көлдерге, теңіздер мен мұхиттарға ағып кетеді.

Пластмасса өнімдер экологияға осыншалықты қауіп төндіріп тұрғанда табиғат жанашырлары қалай қарап қалсын! Жоғарыда атап өткен қарарды алға жылжыту мақсатында өткен аптада бірқатар мемлекеттің салаға жауапты мамандары Парижде бас қосты. Алайда келіссөздер оңай жүрмегенін Батыс басылымдары жарыса жазды.

Дау қарарды бекіту кезіндегі да­уыс санауда шықты. Сауд Арабиясы, Бразилия, Қытай, Үндістан бастаған бірқатар ел әр мемлекетке вето қою құқығын беру­ді көздейді. Мұндай жағдайда, келісімге наразы кез келген ел оны қабыл­датпай тастауға құ­қылы. Ал АҚШ, Ұлы­бри­тания, Нор­ве­гия секілді мемле­кеттер мен Еуро­палық одаққа мүше елдер құжатты көп­шілік дауыс­пен, яғни үш­тен екісінің қолдауымен қабылдауды ұсынады.

Алда-жалда екінші нұсқа таңдалса, келісім мақұлданғаннан кейін бүкіл әлем елдері оны орындауға міндетті. Сарапшылар бұған табиғатқа бей-жай қарайтын кей мемлекет келіспей отырғанын айтады. Лондон зоологиялық қоғамының саясат жөніндегі аға маманы Бетан Лафлин «Politico» сайтына берген сұхбатында өндірістің қамын күйттеген елдер келіссөздердің баяу жүруіне мүдделі болғандықтан, осындай қадамға барып отырғанын жеткізді.

Ақыры бірнеше күн бойы да­уыс беру мәселесін шеше алмай басы қатқан экологтер екіұдай шешімге келді. Яғни келісімді дауысқа қойғанда қайтадан бұл мәселеге оралмақ. Мұндай уағдаластық пікірталасты одан әрі жүргізуге мүмкіндік бергені белгілі. Бірақ үш күн бойы дауыс са­нау мәселесіне бас қатырғандардың негіз­гі мәселені – пластик өнімдердің қал­дығын азайтуды талқылауға уақыты қалмады.

Осылайша, пластмасса өндірісін қысқарту, келісімді жүзеге асыру бары­сын қаржыландыру, бір рет қолданы­латын пластик заттарға тыйым салу секілді өзекті тақырыптар толыққанды талқыланған жоқ. Францияның қорша­ған ортаны қорғау министрі кездесудің соңғы күні журналистерге берген сұх­ба­тында процедуралық мәселені жедел шешу керек екенін жеткізген. Алайда мұнайға бай кей мемлекеттің бұған ке­дер­гі келтіріп отырғанын жасырған жоқ.

Шартараптың экологтері пластмасса қалдығына бас ауыртуы бекер емес. Ірі өндіруші компаниялар плас­т­масса өндірісін жылдан-жылға ұлғайтып келеді. Сарапшылар бұған шектеу қойылмаса немесе реттелмесе 2050 жылға қарай пластик өнім тұтыну көлемі екі есеге артатынын айтып дабыл қағады. Дүниежүзілік банктің зерттеуі бойынша, әлемде орташа есеппен тәулігіне жан басына шаққанда 0,74 килограмм қоқыс тасталады.

БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының деректеріне сәйкес, пластмасса тауарларды азайту мен оларды қайта өңдеу шығынды азайтады. Алайда бұл бағытқа қомақты қаражат керек. Ұйым келтірген мәлімет­ке сай, қайта өңдеу саласына 65 миллиард доллар инвестиция қажет. Бірақ бұл пластик өнеркәсібіне салынған инвестицияның жартысы ғана.

Сондай-ақ алдағы жиырма жылда пластикалық ластануды 80 пайызға азайту мол пайда әкелмек. Әсіресе денсаулыққа, климатқа, ауаның лас­тануына, мұхитқа төнген қауіпті азайтады. Алда-жалда әлем осындай қадамға бара қалса, 3 триллион доллар шығынның алдын алуға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, ауаға парникті газдардың шығуын да азайтады. БҰҰ келтірген деректе жаһандық көмір­қышқыл газы шығарылымы 500 миллион тоннаға азаятыны көрсетілген.

Экологияға төнген апатқа байланысты жер-жаһанның бірқатар бөлігі қазірдің өзінде іске кірісті. Қоқыспен күресу үшін кей мемлекет пластмасса өнімдерін азайтуды жоспарлап отыр. Мәселен, Еуропалық комиссия былтыр бір реттік пластик қаптамалар өндірісін шектеуге қатысты заң жобасын ұсынды. Басты мақсат – 2050 жылға қарай қоршаған ортаға зиян келтірмейтін өңірге айналу. Осы жолда мейрамханалар, қонақ­үйлер және дүкендерде бір реттік пластмасса қорапшалар мен қаптамаларға тыйым салынбақ.

Сонымен қатар қайта қолданылатын құтылар да трендке енбек. Жоспар бойынша, сусын сатып алғанда құты үшін қосымша тиын-тебен төлеуге тура келеді. Оны қайта өткіз­сеңіз, ақшаңызды қайтарып береді. Құжатты әзірлеушілер мұндай жаңа­шыл­дық адамдардың пластик заттарды оңды-солды қолдануының алдын алатынына сенімді.

2020 жылы Еуропалық одақтың әрбір тұрғыны 180 килограмм қал­дық тастаған. Соның ішінде қағаз өнім­дерінің үлесі жоғары. 2020 жылы оның көлемі 32,7 миллион тон­­на­ны құраған. Бұдан пластмасса мен шыны да қалыспай тұр. Әр­қайсысының көлемі шамамен 15 миллион тоннадан асып жығылады. Еуро­палық комиссия өкілдері дер кезінде шешім қабылданбаса, 2030 жылға қарай Еуропалық одақ тұрғындары шығаратын қаптама қалдық көлемі 19 пайызға артатынын алға тартады. Ал пластикалық қаптама көлемі тіпті 46 пайызға дейін көбеюі мүмкін.

Дегенмен, Еуропалық комиссия ұсынған құжаттың қарт құрлықта қабылдануы екіталай. Әлбетте, бұған ең әуелі ірі өндіріс ошақтары қарсы болатыны түсінікті. Өйткені пластмасса қаптамаларды қолдану арзан әрі тиімді. Сол себепті оны басқа материалмен ауыстыру немесе қайта қолданылатын құты не қаптама шығару қиындық туғызады.

Осы орайда, экологиялық тиімді материалдар сұранысқа ие болатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ кейінгі жылдары «эко» деген тіркесті қолданып, пайдаға кенеліп отырғандар жетерлік. Экологтер мұндай трендтің екі ұшы бар екеніне назар аударады. Мәселен, The Changing Markets қоры жүргізген зерттеуге сүйенсек, Coca-Cola және Unilever секілді ірі брендтердің пластикалық қаптамасы экологиялық таза екені туралы мәлімдемелері шындыққа жанас­пайды. Әсіресе мұхитқа ағызылатын және қайта қолданылатын пластикалық өнімдерді өңдеуден өткіземіз деген секілді жарнамалар өтірік екенін айтып дабыл қағады.

Қоқыс мәселесі Қазақстанда да өршіп тұр. Елімізде жылына орта есеппен 5 миллион тонна тұрмыстық қалдық шығады. Статистика бюросының де­рек­теріне сүйенсек, 2021 жылы еліміз­де небәрі 132 мың тоннаға жетер-жетпес пластик қалдығы қайта өңделген. Бұл жыл сайынғы пластмасса өнімдердің 20 пайызынан сәл ғана көп. Яғни Қазақстанда шамамен 602 мың тонна пластик зат қоқысқа тасталады. «Жасыл экономикаға» көшуді мақсат еткен еліміз қоқысты қайта өңдеудің үлесін 2030 жылы 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жеткізуді көздеген еді. Бірақ 2030 жылға дейін аз ғана уақыт қалғанын ескерсек, аталған 40 пайызға қол жеткізу оңай шаруа болмайтын түрі бар.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ