Президент Қазақстан агроинновациялық корпорациясына барды

0
92

Мемлекет басшысы жылына 3 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын корпорацияның технологиялық процесімен және өнім үлгілерімен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына сапары барысында Көкшетау қаласындағы «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

Президентке жылына 3 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын корпорацияның технологиялық процесі және өнім үлгілері көрсетілді.

Ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру цехтарын аралап көргеннен кейін Мемлекет басшысына кәсіпорынның негізгі көрсеткіштері мен даму перспективасы жөнінде мәлімет берілді.

а

Кәсіпорын басшылығының мәліметіне сәйкес өндіріс орнында қосымша қойма, әкімшілік-тұрмыстық ғимарат салынған. Екі жаңа өндіріс бөлімшесінің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Еуропадан, Оңтүстік Кореядан роботтандырылған дәнекерлеу, фрезерлеу орталықтары және станоктар сатып алынған. Бұл жерде тракторлар, комбайндар, экскаваторлар, шөп шабатын және жинайтын машиналар, тырмалар, тіркемелер, жүк тиегіштер, соқалар және тағы басқа ауыл шаруашылығы техникалары шығарылады. Кейінгі үш жылда 121 миллиард теңгеге 6500-ден астам өнім түрлерін шығарған. Қазір корпорацияда 300-ге жуық адам жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесу барысында олардың отандық машина жасау өндірісін дамытуға қосып жатқан үлесіне ризашылығын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.

Бұдан кейін Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі машина жасау саласының жай-күйі туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, 5 жыл ішінде өңдеу өнеркәсібі 2,6 есе, машина жасау 3,2 есе, ауыл шаруашылығы техникаларын жасау 6,9 есе артқан. 2022 жылы бұл салаға 3 миллиард теңге инвестиция құйылған.

Президент машина жасау кәсіпорындарының басшыларымен де өндірісті өркендету жөнінде пікір алмасып, Үкімет тарапынан осы салаға қолдау көрсетіліп жатқанын, олардың еңбегі мен сапалы өнімдерінің маңызды екенін атап өтті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ