Репетиторға сұраныс неге жоғары?

0
263

Қазіргі оқушыларды кісі аяғандай. Мектебінен бөлек, қосымша білім орталықтарына барады, басқа да үйірмелері бар. Әйтеуір зыр жүгіріп жүргені. Бір жағынан дұрыс та шығар, бос уақытын бостекі шаруаға арнамайды. Екінші жағынан «бала біткен неге репетитор жағалайды?» деген заңды сұрақ та туын­дайды. Сонда оқушы мектептегі оқу бағдарламасын уақтылы әрі сапалы игере алмағаны ғой. Әлде басқа себеп бар ма екен…

Біздің оқушы кезімізде бәрі басқаша еді ғой. Әлде ауыл болғаннан кейін бе, білмеймін. Әке-шешеміздің оқуымызға қа­рауға мұршасы болмайтын. Таңнан кешке дейін кеңшардың қара жұмысына же­гіліп жүреді. Одан қалды үйдің тіршілігі бар. Әйтеуір «балам адам боламын десең сабағыңды оқы», дейді. Осы ақылдың өзі бізге сеп. Сол ақылмен мектепті жақсы оқуға тырыстық. Сол ақылмен институтқа түстік.

Ал қазіргі жағдай мүлде бөлек. Бала­мыз ел қатарлы білім алып, заманына сай білікті маман болса дейміз. Ол үшін сапалы білім керек. Ал сапалы білімнің негізі мектепте қаланады. Сондықтан ұл-қызымыздың оқуына алаңдаймыз. Егер бір пәннен үлгерімі төмендесе қосымша білім беру орталығына апарып немесе репетитор жалдап, сол сабақтан білімін көтеруге күш саламыз. Одан қалды ағылшын тіліне судай болса дейміз. Ұлттық бірыңғай тес­тілеуден жоғары балл алса деп армандаймыз. Қысқасы, талабымыз да көп. Содан да болар, тап қазір қосымша білім беру орталықтары мен репетиторлардың айы оңынан туып тұр.

– Өз басым, қосымша білім беру орта­лықтарына дұрыс қараймын, – дейді Қайсар Құсайын есімді азамат. – Себебі бар. Қазір қызым үшінші сыныпта оқиды. Біз оны бірінші сыныптан бастап осындай орталыққа бердік. Өйткені анасы екеуміз үнемі жұмыстамыз. Шынын айтқанда, кейде қызымыздың сабағын оқытуға мүмкіндігіміз болмайды. Таңертең кетіп, сүрініп-қабынып кешке келеміз. Сондықтан қосымша орталыққа жүгіндік. Мәселен, қызымның сабағы түстен кейін басталады. Біз таңғы 8:00-де орталыққа алып барамыз, түске дейін сонда үй жұмысымен айналысып, түскі асын ішіп, мектепке барады. Бағасы анау айтқандай қымбат дей алмаймын. Ай сайын сабағы мен тамағын қосқанда 56 мың теңге төлейміз. Мұның ата-ана үшін тиімділігі болғанымен, бір қорқынышым бар. Өйткені қызым үйде сабақ оқуға онша құлықты емес. Сабақ оқы десек, «қо­сымшада істеймін» деп жауап береді. Өз бе­тінше ізденуге, оқуға ынтасы жоқ секілді.

Шындығында, кейінгі жылдары қо­сымша білім беру орталықтары мен са­бақтан тыс кезде оқушымен жұмыс іс­тей­тін репетиторға деген сұраныс арта түскенін байқаймыз. Қазір үлкен қала­ларда ғана емес, шағын шаһарлар мен аудан орталықтарында да қосымша білім беру ұйымдары ашыла бастады. Оның түр­лі себебі бар. Өйткені ата-аналар бала­ларын Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім-инновация лицейлері, «Дарын» секілді мамандандырылған мектептерге дайындау үшін қосымша білім беретін орталық іздейді. Одан қалды 10-11-сыныпта оқитын оқушылар Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинау үшін де соған барады. «Qazbilim» компаниясының атқарушы дирек­торы Гүлбану Қанай 2017 жылдан бері жалпы білім беретін орта мектепті Ұлттық бірың­ғай тестілеу нә­тижесі жауапкер­шілі­гінен алып таста­ғалы сұраныс тіпті артқанын жеткізді.

– Назарбаев зияткерлік мектебі, Білім-инновация лицейі және республикалық физика-математика мектептеріне түскісі келетіндердің бәсекесі өте жоғары. Олар­дың грантын жеңіп алу үшін мықты да­йындық қажет. Жүзден жүйрік шығу оңай емес. Сонымен қатар барлық сыныптан математика, ағылшын тілі, 7-9-сынып оқушылары үшін физика, химия, математика сияқты пәндерден дайындық туралы сұрайтындар көп. Ата-аналардың көпшілігі пандемия кезіндегі онлайн оқудың олқылығын, мектепте кей пәндерді жетік меңгертпейтінін алға тартады әрі баласының жан-жақты болғанын қалайды. Бұдан бөлек, түрлі пәндік олимпиадалар мен конкурстарға дайындық үшін де қосымша білім беру орталықтарына жүгінеді. Бірақ елімізде кейінгі жылдары саны күрт өскен орта­лықтардың ішінен таңдау жасау кейде қиындық тудырады. Сондықтан орта­лықтар туралы түрлі пікір бар. Бірақ қосымша білім беруге сұраныс азаяды деп ойламаймын. Сұраныс азаюы үшін еліміздегі барлық мектептің сапасын бірдей жоғары деңгейге жеткізу керек. Екін­шіден, мектеп негізгі базалық білімді үйретуші, қалыптастырушы, ал әрі қарай жетілдіріп, одан да жоғары көрсеткішке жету үшін қосымша еңбек, ізденіс керек, – дейді Гүлбану Қанай.

Спикердің пікірінше, қазіргі таңда қосымша білім беру орталықтары тек бас­тауыш сыныптарды оқытатын жекеменшік мек­тептердің көптеп ашылуына әсер еткен. Себебі 10-11-сынып оқушылары ор­талыққа дайындыққа келгенде бес пәнге ғана дайындалып, қалған пәндерді оқығысы келмейді екен.

– Осыны пайдаланып тек қана Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап, бес пәнге ғана басымдық беретін мектептер көбейді. Бұл туралы жарнамасында да еш жасырмай, керісінше соны алға тартып, оқушы шақыратындар да бар. Негізі стандарт бойынша қандай меншіктегі (мемлекеттік, жекеменшік, аралас) мектеп болса да, бағдарлама барлығына ор­тақ. Ата-ана да баласын мектепке бір, қо­сымшаға екі жүгіртпей, қауіпсіздігі мен тыныштығын ойлап, жоғары сынып мектептеріне оқытқысы келеді. Осы үрдіс бастауыш мектептерде өте кең тараған. Бастауыш сынып оқушылары бір мезгіл мектепке барып, қалған уақытта қосымша үйірмелерге, курстарға алып жүруге немесе үйде оған қарап отыруға жұмысбасты ата-аналарда мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан толық күн (әдетте таңертеңнен түскі 4-5-терге дейін) оқытатын мектептерге қуана-қуана апарады, – деді «Qazbilim» компаниясының атқарушы директоры.

Бір жағынан, жекеменшік мектептерде Ұлттық бірыңғай тестілеуге басымдық беріп, қосымша балаларға арналған түрлі үйірменің болғаны, бала күні бойы сонда жүріп дайындалғаны жақсы. Бірақ білім беру мен бизнестің аражігін ажырата білген жөн. Мемлекеттік стандарт бойын­ша талаптарды орындап, барлық пәнді толыққанды түрде оқытуы керек.

– Қосымша білім беретін орталық­тардың мектептерден артықшылығы сол, оқу­шыда таңдау мүмкіндігі бар. Сон­дықтан ол өзіне ұнайтын мұғалімге барғысы келеді. Екіншіден, қосымша ақы төлеп отыр­ғандықтан ата-ана тарапынан сұраныс, талап ету бар. Сондықтан нәтижеге жету үшін, оқушыға тақырыпты жеткізе алуы үшін мұғалім бар күшін салады. Мысалы, өзім жұмыс істейтін республикалық «Qazbilim» орталығында кадрларды тест арқылы ғана қабылдайды. Алдымен арнайы пәндік тест, жоғары алған жағдайда ғана сұхбаттасуға ша­қырамыз. Осының нәтижесінде, ҰБТ-ға дайындық бағытында біршама база қалыптастырып, көптеген орталық пен мектепке қосымша бағыт беріп келеміз, – деді Г.Қанай.

Келесі спикеріміз де қосымша білім беру орталығында жұмыс істейді. Аты-жөні – Мэлс Қуанышқалиев. Ол өз сөзінде қосымша білім беру орталықтарына сұраныстың қажеттіліктің артуына, бірін­шісі – Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайын­дық, екіншісі – кейбір мектептердегі білім­нің сапасы әсер етті дейді.

– Бұған мектеп мұғалімдерін кінәлай алмаймын. Өйткені нақты белгіленген білім стандарты бар. Мұғалімдер сол бағ­дарлама бойынша сабақ береді. Ал арнайы дайындыққа бөлетін уақыт жоқ. Оның үстіне кейбір мектептерде оқушы саны тым артық. Бір сыныптағы оқушы саны да мөлшерден көп. Сондықтан мұғалімге 45 минутта барлық балаға сабақ түсіндіріп, дәптерін тексеріп шығу да оңай емес. Әрине, мұғалім жауапкершілігін жоққа шығаруға болмайды. Сондай-ақ қазір ағылшын тілін үйренуге деген сұраныс жоғары. Жоғары оқу орындарының магистратурасына түсу үшін ағылшын тілін білу керек. Осының өзі сұранысты арттырып отыр. Қосымша білім беру орта­лықтарының бағасы арзан емес. Ғимаратты жалға алады, құрал-жабдық бар, оның үстіне мұғалімдерге төлейтін жалақысы бар. Алайда ақысына сай білім берсе жақсы дер едім. Бірақ кейбір орта­лықтардың сапасына көңіл толмайды, – деді Мэлс Қуанышқалиев.

Оның пікірінше, мұғалімдерге оқушы­ларды қосымша дайындайтын уақыт пен сағат бөліп, мектептің мүмкіндігін ке­ңейтсе аталған орталықтардың саны азаюы мүмкін.

Ал филология ғылымдарының кандидаты, ұстаз Айман Ақтан мектеп бағдар­ламасын репетитормен оқуға қарсы екенін айтты. Бұл мектепте сол пәнді сапалы бер­меген деген түсінікті қалыптастырады дейді.

– Оқушы өзінің жас ерекшелігіне байланысты белгілі бір дағды мен құн­ды­лықты қалыптастыратын көлемді бағ­­дарламаны мектеп қабырғасында алуы керек. Егер оқушы денсаулығына немесе басқа бір жағдайға байланысты саба­қтан қалып, материалды игере алмай қалса, онда пән мұғалімі баланы сабақтан соң қалдырып оқытуға тиіс. Ол үшін репетиторға бармау керек. Қазір кей­бір қосымша білім беру орталықтары жеке кәсіп пен білімді сатудың көзіне айналды. Әрине, дұрыс бағытта жұмыс істеп жүрген білім беру орталықтарының еңбегін жоққа шығармаймын. Содан кейін кейбір мұғалімдер өз оқушысына репетитор болып жатады. Бұл – дұрыс емес. Егер оқушы сол пәнді толық игермесе, оған мұғалім жауапты, сосын ата-ана. Ата-ана да баласының біліміне қызы­ғушылықпен қарау керек. Меніңше, қосымша білім беру орталықтарына оқушы мектеп бағ­дар­ламасынан тыс білім алғысы келсе немесе ғылыммен айналысып, жаңа ба­ғыт­ты игерем деп барса бір жөн, – деді ғалым.

Қазір көптеген қосымша білім беру ұйымында ағылшын тілін оқытуға басымдық берілген. Алайда Айман Ақтанның осы тарапта да айтары бар. «Ағылшын тілін үйрену бағдарламасында халықаралық деңгейдегі өлшем бойынша әр сыныпта қанша сөз үйрену керек екені нақты көрсетілген. Мысалы, мектеп бітірген бала ағылшын тілін меңгерудің Б2 деңгейін білсе, ол кәдімгідей қарапайым сөйлеу деңгейіне жеткені. Оны бала мектепте оқуы қажет», дейді ол.

Шындығында, кейбір мұғалімнің өзі сабақ беретін оқушысына репетитор болып жүргенін естиміз. Осы бір жағдай қоғамда белең алып бара жатқан секілді. Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Гүл­жазира Ысқақова: «Егер сіз өзіңіз сабақ беретін оқушыға репетитор болсаңыз, оған сабақта жақсы баға қоюыңыз керек. Өйткені сіз ол баланы оқытып, ақшасын алып отырсыз. Мұны қабылдай алмаймын. Дұрысы, мұғалім оқушысына сапалы білім берсе болды», деді.

Спикерлердің айтқан пікірі өз мәнімен құнды екенін бағамдаймыз. Бір жағынан, көтерген мәселеге уақыт талабының ық­палы бар екені рас. Одан асып кету де мүмкін емес. Бастысы, қандай жағдай бол­масын оқушы сапалы білім алуы керек. Осыны естен шығармаған абзал.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ