Құрылысшылар одағы министрдің отставкасын талап етті

0
48
фото: Halyq Uni

Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа қарата сала өкілдерінің өкпе-назын тізіп, отставкаға кетуін талап етті,

Оның айтуынша, «министрдің кәсіби біліктілігі төмен әрі еліміздің құрылыс саласын тиімді басқара алмайды. Қоғам өкілдерімен нақты қарым-қатынас орнамаған, құрылысшылар саланың болашағына қатысты еш ақпарат ала алмайды. Кәсіби маман емес, құрылыс саласын білмейді. Нарықтағы қазіргі жағдайды бағалай алмайды».

Астанада баспасөз мәслихатын өткізген сала өкілдерінің бұлай қатаң талап қоюына нарықтағы бірнеше келеңсіз жағдай себеп болып отыр.

E-qurylys-тың қожайыны – жеке тұлға!

Атамекен ҰКП құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Ирина Манжанованың айтуынша, ҚР құрылыс нормаларына сай, мемлекет инвестициясы есебінен қаржыландырылатын құрылыс нысандарында, сонымен бірге, азаматтық сектордағы тұрғын үйлердің бүкіл құжаты электронды түрде ақпараттық жүйеге енгізілуі керек. Ақпараттық жүйе деп тырғанымыз – E-qurylys порталы.

Оның операторы жеке тұлға да, заңды тұлға да бола алады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратына сай, порталдың операторы –  ҚазҚСҒЗИ. Алайда порталдың иесі жеке тұлға болып шықты, – дейді Ирина Манжанова.

Одан бөлек, сала өкілдері ол Жария кадастрлық карта, Жобаларды кешенді сараптаудың бірыңғай порталы сынды электронды жүйелермен біріктірілмегенін айтады. Нәтижесінде орындалған актілерге қол қою сынды шараларды жылдам жүргізудің орнына, оны тежеп отыр.

Құрылысшылар одағы төрағасының орынбасары Серікжан Мергенбаевтың айтуынша, елдегі бүкіл құрылыс осы электронды жүйеде болады. Ол үлкен дата-орталық. Енді қызығы, сол дата-орталық мемлекеттің қарамағында емес, жекеменшік компанияның қарамағында болады. Тіпті сақтайтын серверлері де Қазақстанда емес, шетел серверлері болып отыр.

Порталға қосылудың құны миллиондаған теңге тұрады

Құрылыс нарығының өкілдері үшін кедергі болып отырған тағы бір олқы тұсы, Epsd электронды жүйесіне жалғыз оператор арқылы ғана қосылуға болады. Жалғыз оператор деп отырғанымыз – ҚазҚСҒЗИ сондай тәртіп енгізіп қойған. Олардың сөзінше, ақшасын төлемесе басқа жекеменшік ақпараттық жүйелердің қосылуына мүмкіндік берілмейді.

Айталық, егер Құрылысшылар одағы өзінің ақпараттық жүйесін жасап, сол жүйеге кіретін болса, онда ай сайын қыруар қаражат төлеп отыруға міндетті. Неге ондай талап қойып отырғаны түсініксіз.

Мәселен, жалпы құрылыс құнының 1%-ы деп белгілесе, ол өте үлкен қаражат. Мысалы, бесқабатты, 4 кіреберісі бар үйді алсақ, ол шамамен 1,5 млрд теңгеге салынады. Оның 1%-ы 15 млн теңгеге шығады. Сосын біз келіспеген соң оны екі есе төмендетуі мүмкін. Бірақ ол да көп ақша. Сайып келгенде, нарық өкілдері министрлік үшін еш сөзге көнбейтін адамдар болып шығады, президентке солай жеткізуі мүмкін, – дейді Талғат Ерғалиев.

Мемсатыпалудағы триллион теңге дизайнерлер одағының қолынан өтпек

Құрылысшылар одағы төрағасының орынбасары Серікжан Мергенбаевтың айтуынша, бұрынғы Индустрия және құрылыс министрлігі заңға «техникалық тапсырыс беруші» деген ұғым енгізіп, есесіне, тәуелсіз техникалық бақылау тәртібін алып тастамақ. Бұл түптеп келгенде Республикалық дизайнерлер одағына лобби жасап отырған болып шығады.

«Мемлекеттік, квазимемлекеттік саладағы сатып алу көлемі 1 трлн теңгеден асады. Оның 60%-дан астамы – инфрақұрылымдық, бюджеттік, инвестициялық жобаларды іске асыру. Демек, осынша қаражаттың жұмысы осы «техникалық тапсырыс беруші» арқылы ұйымдастырылуы мүмкін. Ал ол жердің жұмысы жалпыға ашық, жариялы емес. Өйткені «техникалық тапсырыс беруші» мердігерді еш конкурссыз, өз бетінше таңдайды. Бұл – нонсенс», – дейді Серікжан Мергенбаев.

Сайып келгенде, олар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңдарды, Кәсіпкерлік кодексін бұзып отырғанын мәлімдеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз