СҚО-да коронавирустан қайтыс болғандар саны 300-ге жетті

0
28

Солтүстік Қазақстан облысында өткен тәулікте коронавирустан 4 науқас көз жұмды, осылайша шамамен соңғы үш айдың ішінде 256 адам қайтыс болды, деп хабарлайды zamandas.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 қараша күні облыста коронавирус жұқтырудың жаңа 137 жағдайы тіркелді. Оның ішінде Петропавлда 65 адам, Қызылжар ауданында – 17, Жамбыл ауданында 11 адам ауырған. Тайынша мен Есіл аудандарында – 7, Аққайың ауданында – 6 сырқат анықталған. Тағы төрт ауданда 1-2 адам ауырса, Тимирязев пен Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда жаңа жағдайлар тіркелмеді.

Осылайша індет жұқтырғандар саны 28 945-ке жетті. Қазіргі уақытта қауіпті инфекциямен ауыратындарға арналған 2 мыңға жуық орын бар. Оның 1755-і инфекциялық стационарларда, қазір мұнда 760 адам ем алып жатыр. Карантиндік 110 орын болса, оған 20 адам орналастырылған. Ал жансақтау орындары 115-тен 121-ге дейін көбейтілді. Жағдайы ауыр 51 адам дәрігерлердің бақылауында.

Өңірде соңғы үш айдың ішінде коронавирустан қайтыс болғандар саны артты. Індет басталғаннан осы жылдың 15 шілдесіне дейін 43 адам көз жұмса, осы уақыттан бүгінге дейін 256 адам қайтыс болған. Мамандардың айтуынша, олардың 80 % – жасы 60-тан асқандар.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз