«Sarqyrama Fest» туристік фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.

0
6

Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданындағы көрікті Қасқыр сарқырамасында «Sarqyrama Fest» туристік фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Табиғат аясында өткен ауқымды шара өңірдің туристік әлеуетін арттыруға және бірегей табиғи локацияларды кеңінен танытуға бағытталды.

Фестивальді «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырып, бұл бастама аймақтың жаңа туристік брендингін қалыптастыруға негіз болды. Шараның басты мақсаты — Қасқыр сарқырамасын туристер үшін тартымды демалыс орны ретінде дамыту.

Ашық аспан астында өткен мерекелік іс-шараға 6000-ға жуық адам жиналып, көктемгі табиғаттың әсемдігін тамашалап, ерекше атмосфераға бөленді. Қонақтар үшін концерттік бағдарламалар ұсынылып, түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Ұйымдастырылған байқаулар көпшіліктің қызығушылығын тудырып, үздік қатысушылар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, демеушілер тарапынан арнайы сертификаттар табысталды.

Сарқырама аумағында фудкорт аймақтары жұмыс істеп, ұлттық стильдегі фотозоналар келушілерге естелік сәттерді сақтауға мүмкіндік берді. Белсенді демалыс түрлері ретінде садақ ату, атпен серуендеу және алтыбақан ұйымдастырылды.

Бұл фестиваль ақтөбелік тұрғындар мен қонақтарға табиғат аясында демалып қана қоймай, өңірдің жаңа туристік бағыттарымен танысуға тамаша мүмкіндік сыйлады.

«Sarqyrama Fest 2026» — жылы жүздер мен жарқын эмоцияларға толы, ішкі туризмді дамытуға серпін берген айтулы шара ретінде есте қалды.

фото:gov.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ