Сарысулық дәрігерлер пышақталған жігіттің жүрегін тігіп, аман алып қалды
Үйлесімді хирургтар тобы Жамбыл облысының Сарысу аудандық орталық ауруханасына кеуде қуысының пышақ жарақатымен жеткізілген 23 жастағы жігітті құтқарып қалды. Бұл жайлы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Пациент жарақат алғаннан кейін 5-7 минутта қанның жартысынан көбін жоғалтқан. Ол ауруханаға ес-түссіз, нөлдік қысыммен жеткізілген. Пышақ сыртқы қабыққа, жүректің сол жақ қарыншасына, сонымен қатар сол жақ өкпенің тамырына тиген.
Бірнеше минутта пациент операция үстеліне жатқызылды. Операция 1 сағат 20 минутқа созылды. Онда торакотомия, яғни жүректің сол жақ қарыншасының жарасына қол жеткізуге және тігуге мүмкіндік беретін кеуде қуысы ашылды. Мұндай жарақаттың күрделілігі – операция және жараны тігу жүректің соғуын тоқтатпай, жұмыс істеп тұрған жүрекке жасалады.
Дәрігерлер жарақатты тігіп, қан кету қаупін жойды, гемодинамика қалпына келді. Хирургтар Қайрат Әжібеков, Ержан Досалиев және анестезиолог-реаниматолог дәрігер Дәурен Әбдіров жасаған операция сәтті өтті. Пациенттің өміріне төнген қауіп жойылды. Жағдайы тұрақталды.
Жоғары санатты хирург дәрігер, аудандық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Қайрат Әжібековтің айтуынша, көбіне жүрек пен өкпенің мұндай жарақатынан адам өліп кетеді. Қиындық орындау жылдамдығына қатысты. Мұндайда хирургтар тобының, анестезиолог-реаниматологтардың, операциялық мейіргерлердің тез және үйлесімді жұмысы қажет.
«Бұл жағдайда пациент уақыт факторын сақтап қалды. Барлық дәрігер уақтылы жедел емдеді. Мұның бәрі үшінші түннің жартысында болды. Ол шамамен 5-7 минуттан кейін қабылдау бөлмесіне жеткізілді және дереу операциялық үстелге алынды. Менің хирургиядағы 36 жылдық жұмысымда осындай жағдайлар бұрын да болды», – деді дәрігер Қайрат Әжібеков.