Саябақтың басты нышаны – алтын күмбезді аппақ ротонда ерекше түрге енді

0
12

Алматының шығыс бөлігінде, Тәттімбет көшесі мен Достық даңғылына қатарласа созылып жатқан әйгілі Терренкур демалыс аймағы ауқымды қайта жаңғыртудан өтті. Бұл қала тұрғындарының сүйікті серуен орнына айналған ерекше мекен.

4 гектардан асатын аумақта заманауи талапқа сай жайлы кеңістік жасалып, әр жастағы келушілерге арналған демалыс аймақтары бой көтерді. Жаңа жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, «денсаулық соқпағы» кеңейтіліп, жаңартылды. Саябақтың әр бөлігін жалғап тұрған ағаш көпірден Есентай өзенінің әсем көрінісі көз тартады.

Ұзақ жыл қаңырап жатқан су айдыны тазартылып, бекітіліп, жағалауы көркейтілді. Өзен жағасында өнер сахнасы, қарсы бетінде ашық аспан астындағы амфитеатр пайда болды.

Белсенді демалыс үшін үш теннис үстелі, төрт шахмат үстелі және заманауи спорт жабдықтары орнатылған воркаут аймақтары жасалды. Балалар үшін екі заманауи ойын алаңы мен ойын экологиялық ойын аймағы құрылды.

Саябақтың басты нышаны – алтын күмбезді аппақ ротонда ерекше түрге енді. Оның айнала қоршаған жолдар ілмелі гүлзарлармен безендірілді.

Саябақ аумағына 30 жаңа орындық қойылып, автоматты суару жүйесі мен заманауи жарықтандыру орнатылды.

Бүгінде Терренкур «денсаулық соқпағы» ғана емес, сонымен қатар кездесу мен серуендеуге арналған жайлы орын. Мұнда күн сайын 3500-ден астам қала тұрғыны мен турист келеді.

Айта кетейік, бұл аумақ жеке меншікке тиесілі болғандықтан, мұнда 20 жылдан астам жөндеу жүргізілмеген. 2023 жылы жер телімі коммуналдық меншікке қайтарылып, содан кейін қайта жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталды.

2024 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Жобаның басты мақсаты – Есентай өзені бойындағы және Терренкурдағы екі танымал жаяу бағытты біріктіріп, қала тұрғындарының сүйікті орнына айналдыру.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ