Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
Саясат

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидпен телефон арқылы сөйлесті

Мемлекет басшысы Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саидпен әңгімелесу барысында Таяу Шығыстағы ахуалды талқылап,  осынау қиын сәтте бауырлас Оман халқына тілектес екенін жеткізді.
Президент Иранға қарсы соғысқа қатыспаған Шығанақтағы елдердің азаматтық нысандарына әуеден шабуылдауға байланысты алаңдаушылық танытты.Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жағдайды ушықтырмай, тараптарды диалог пен дипломатия арқылы қақтығысты шешу жолдарын іздеуге шақыратынын атап өтті.

Бұл ретте Президент аймақтағы бітімгерлік әрекеттерге белсене атсалысатын ел ретінде Оманның халықаралық абырой-беделі жоғары екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы еліміздің азаматтарын қақтығыс аймағынан Оман арқылы эвакуациялау мәселесіне тікелей араласқаны үшін Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саидқа ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қасым-Жомарт Тоқаевтың шынайы қолдауына алғыс айтып, қасиетті Рамазан айында Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанын жыл соңына дейін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақыратынын тағы да растады. Бұл сапар екі ел арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды жаңа деңгейге көтеру тұрғысынан айрықша маңызға ие болмақ.

Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саид әлемдік қоғамдастықта беделі зор мемлекеттің басшысы шақыруын ықыласпен қабыл алатынын мәлімдеді.

 

Сәйкес жаңалықтар

Кәсіпкерлермен кездесті

zamandas_kz

Президент әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарға қол қойды

zamandas_kz

Мемлекет басшысы Түркия Президентін Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады

zamandas_kz