Сенатор Нұртөре Жүсіп пен Президенттің кеңесшісі Күнсұлу Закария отандық ғылымның даму келешегін талқылады
Жүздесу барысында еліміздің ғылым саласын дамыту, ғылым мен инновация жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру, ғылым қызметкерлерін қолдау және ынталандыру шаралары, кадр даярлау және т. б. бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
Нұртөре Жүсіп Сенат депутаттары отандық ғылымды дамытуға әрқашан баса назар аударып отырғанын атап өтті. Ол Парламент қабылдаған заңдар мен сессия барысында ғылымның дамуына және еліміздегі инновациялық прогреске әсер ететін мәселелерді шешу шараларына кеңесшінің назарын аударды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударып отырғаны баршаға белгілі. Ғылым және технология жөніндегі сәуір айында өткен ұлттық кеңесте сөйлеген сөзінде ғылымның тетіктері мен мүмкіндіктерін техногендік және табиғи апаттарды болжауға, климаттың өзгеруіне қарсы күреске тарту керек екенін атап өткен болатын. Өйткені жылдар бойы төтенше жағдайдың алдын алуда көптеген проблемалар жүйесі қордаланып қалған. Президент энергетикалық іркілістер мен эпидемияларды, құрғақшылықты болжау және алдын алу міндеттерінің маңызына да тоқталды. Мемлекет басшысының барлық тапсырмасын сапалы орындау мақсатында Парламент пен Үкіметпен қоса барлық билік органдары осы бағытта үйлестірілген және кешенді жұмыс жүргізуі тиіс деп санаймыз», – деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Күнсұлу Закария өз кезегінде күн тәртібіндегі маңызды мәселелер талқыланған осы кездесуді ұйымдастырғаны үшін сенаторға алғысын білдірді. Сондай-ақ Парламент қабылдаған заңдар мен жалпы ғылымды дамытуға бағытталған шаралардың маңызына тоқталды.
«Парламент – басты міндеті еліміздің өміріне қажетті аса маңызды құжаттарды қабылдайтын мемлекеттік институт болды және солай болып қала береді. Парламент пен оның депутаттары қазіргі уақытта «Әділетті Қазақстанды» құрудағы маңызды құрамдас бөліктің бірі болып саналады. Оның негізгі құндылығы – заң үстемдігі мен халықтың әл-ауқаты болып табылады», – деп атап өтті Күнсұлу Закария.