Сенімнің символы – рәміздер

0
427

Осы кезге дейін мемлекеттік рәміздер жайында жиі сөз қозғалуы бекер емес. Себебі рәміздер өз даңғылы бар, тек тәуелсіз елдердің символы саналады. Бұл тақырыпта әңгіме еткенде әнұран, ту мен елтаңбасымыз еске түседі. Аталған үш құндылыққа бейжай қарай алмаймыз, рәміздер халықтың жүрген жолын, мемлекеттің құрылу тарихын айшықтап, рухани дем бергені жөн. Тәуелсіздік таңбасын қанша ұлықтасақ та артық етпейтіні хақ.

Аталған үш құндылықтың құны халықтың ғұмырындай өлшеусіз екені анық. Еліміз талай дәуренді, ғасырларды, құбылмалы кезеңдерді бастан өткерді. Соның нәтижесінде Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдына егемен ел атандық. Әуелі әнұранға тоқтасақ. Әр сөзі бағалы, рухты қозғаушы дастан іспетті. Иә, қазақ тарихында әнұран бірнеше рет ауысқаны жасырын емес. Сонау Алаш орда кезінде «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деп жырлаған асылдардың сөзі әлі есте. Күн – мәңгілік символы. Күннің сөнуі – мәңгіліктің аяқталалуы. Сондықтан «күн сөнгенше сөнбейміз» дегені еліміздің іргетасы мәңгілікке қаланғанын аңғартқандай. Одан бері халық қилы заманды бастан кешіп, жалған ұраншылдыққа құрылған әндер болды. Дегенмен Тәуелсіздік алған соң жаңарып-жасардық. Әнұранымыз рухқа толы, талайлы күндерді жеңіп шыққан жас батырдай түледі. 720 мәтіннің арасынан озып шыққан «Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен, Аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз» деген жолы бар әнұранды ұзақ шырқадық. Шабыттандық, еркін ұлыс екенімізді сезіндік. Соңғысы, яки қазір айтып жүрген әнұрамыз өскелең ұрпағы бар, бақытта күн кешкен даланың еркін тағысындай әсер сыйлайды. Осылайша, әнұран жай ән емес, жүректің сөзі екенін аңғарамыз.

Енді тудың жайына оралайық. Көк туымыз – халықтың ең сүйер бояуына айналғандай. Геральдика дәстүрінде әр түс белгілі бір ұғымды танытуы тиіс. Мысалы, аспандай көк түс адам бойындағы адалдық пен тазалық, сенім сияқты асыл қасиеттердің көрінісі. Тарихи байланыс тағы бар, көк түс түркі мәдениетінде бағалы символдық мәнге ие. Ежелде түркілер аспанды тәңірдің мекеніне балап, кие тұтқан. Осылайша Тәуелсіз Қазақстанның туында ашық аспан, бейбітшілік, игілікті түсі орын алды. Жалпы, «флаг» термині нидерланды сөзінен шыққан, белгіленген көлем мен түстегі, елтаңба немесе эмблема түрінде бейнеленген, діңгекке немесе бауға бекітілетін киелі мата ұғымын білдіреді. Ту ежелден бері кез келген елдің халқын біріктірудің құралы саналған. Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданғанын бәрі жақсы біледі. Авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Қақ ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген көз тартар дүние. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталғаны тағы бар. Көк бояулы кеңістікте күн, шұғыласы, қыран мен ұлттық өрнек бейнесі алтын түсте салынған. Халқымызды мөлдір таза кеңістікте, тазалықта, емін-еркін ұшқан қыран ретінде суреттейді. Бұның өзі азаматтардың кеудесінде үлкен сенімді оятары хақ.

Ал елтаңбамыздың жөні ерек. «Герб» термині немістің мұра сөзінен шыққан. Яғни, елтаңба – келешек ұрпаққа рух сыйлаушы жәдігер. Мәдениетіміз бен тарихи дәстүрімізден сыр шертетін символдық мәні бар дүние өте үйлесімді құралғаны даусыз. Ежелде Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы өздерін танытып, куә еткен. Түрік қағанаты дәуірінде де солай болды. Еліміздің елтаңбасы 1992 жылы қабылданғаны көпке аян. Сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың еңбегіне адам баласы таңдай қақпай қоймас. Дөңгелек нышан көшпенді ата-бабалардың айрықша қастер тұтқан өмірі мен мәңгілігінің символы.

Негізгі элемент – көгілдір түс аясындағы шаңырақ бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылып тұр. Оның жағы мен сол жағына аңыздардағы көзді арбар қанатты пырақтар суреті салынған. Жоғарысында бес бұрышты жұлдыз, төменгі бөлігінде латын қарпімен «Qazaqstan» деген жазу бар. Мұнда да дәл тудағыдай алтын түсіне мән жүктеген.

Көпшілік елтаңбаны көргенде қанатты тұлпарға көзі түседі. Аңыздағы қанатты тұлпарлар батылдықтың, сенім мен өлшеусіз күшті танытқан. Пырақтың қанаты бабалардың сан ғасыр бойы еркін ел болуды армандағанын көрсетеді. Ой-арманның шындыққа айналып, ұдайы дамуға һәм жасампаздыққа ұмтылыстың айғағы. Осының бәрі еңбексүйгіштік пен рухты дәріптейді.

Сонымен, төрт құбыласы түгел еліміздің нышаны, айбары саналатын елтаңбадағы бес жұлдызды да ұмытпаған жөн. Ежелден бері адамзат оны ақиқат сәулесіне теліп, аңсары мен құндылықтарына жетудің қадірлі символы ретінде біледі. Осы арқылы Қазақстан дамыған елдермен терезесі тең болуды ойлайтын, әлемнің бар халқымен санаса алатын жұрт екенін жария етті. Әнұран, елтаңба мен көк туымыз – әр азаматтың маңдайына жазылған айбардың нақ өзі.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ