Шымкентте IX Халықаралық театр фестивалі өтіп жатыр

0
6

Бүгін Шымкент қаласында Орталық Азия елдері мен түркітілдес мемлекеттерінің театр өнері саласындағы ынтымақтастық пен достық байланыстарды нығайту шеңберіндегі IX Халықаралық театр фестивалінің ашылу салтанаты өтті.Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығына арналған фестивальді Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова ашып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің құттықтауын оқып берді.

«Сіздерді театрдың 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Қазақтың ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушы Жұмат Шаниннің есімін иеленген өнер ордасының ұлт руханиятын дамытуда алатын орны биік. Ғасырға жуық тарихы бар театр әр жылдары талай сахна саңлағының бағын ашты, бағытын айқындады. Бұл өнер қара шаңырағында халқымыздың біртуар таланттары Хадиша Бөкеева, Әмина Өмірзақова еңбек еткен. Қазақ драма театры бүгінгі таңда көрерменін сапалы қойылымдармен қуантып, тағылымы мол, талғамы биік туындылар сахналауда», – делінген құттықтау хатта.

Алты күн бойы Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжан және Қазақстан театрларының үздік спектакльдері көрсетіледі. Фестиваль бағдарламасында спектакльдерді талқылау үшін жетекші театр сыншылары қатысатын дөңгелек үстелдер, сондай-ақ, шетел педагогтары өткізетін театр режиссерлері, актерлері мен менеджерлеріне арналған шеберлік сағаттары жоспарланған.

Іс-шара 11 қарашаға дейін жалғасады.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ