Алматыда шахматтан екі бірдей ірі халықаралық жарыс жалауын көтерді: FIDE World University Team Chess Championship финалы және Қазақстан мен әлемнің жасөспірімдер құрамалары арасындағы матч. Оңтүстік астанада 4–9 тамыз аралығында әлемнің 16 университетінің, соның ішінде Оксфорд, Кембридж және Гарвард командалары өнер көрсетеді. Қазақстан намысын Қазақ ұлттық спорт университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Almaty Management University қорғайды, деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі.
«Бүгін Қазақстан әлемнің жетекші оқу орындарының атынан келген ең үздік жас шахматшылар тоғысатын орталыққа айналып отыр. Бұл чемпионат тек медаль үшін жарыс емес, сонымен бірге пікір алысу, білім алмасу, университеттер арасындағы байланысты нығайту және мемлекеттер арасында ұзақ мерзімді серіктестік қалыптастыру алаңына айналды», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
«Шахмат – бұл жай ғана интеллектуалды ойын емес, ол сыни ойлауды, дербестікті, жауапкершілік пен стратегиялық жоспарлау қабілетін дамытатын тиімді білім беру құралы. Сондықтан біз үшін шахмат білімін оқу үдерісіне кәсіби түрде кірістіре алатын педагогтарды даярлау өте маңызды. Бұл – педагогикалық білім сапасын арттыруға ғана емес, сонымен бірге еліміздің адам капиталы мен интеллектуалдық әлеуетін дамытуға қосылған үлес», – деді министр.
«Тарихтан белгілі, шахмат Үндістанда пайда болып, Парсы елінде шыңдалды. Кейін сан тарапты сауда жолдары арқылы әлемге тарады, олардың бірі тура осы Алматы тауларының бөктерінен өткен еді. Мың жарым жылдан соң ойын өзі бастау алған тарихи тоғысқа қайта оралды. Қазақстан мен Алматының бүгін осы тарихи кезеңді қабылдап жатқаны еліміздің және әлемдік шахматтың қозғаушы күшіне айналған федерациямыздың салмағын сөзсіз дәлелдейді. Сонымен бірге студенттер шахматын дамыту – біз үшін басты басымдықтардың бірі, өйткені бүгінде дәл осы университеттер ортасы шахмат тақтасы шеңберінен шығып, бүкіл әлем бойынша ғылымда, білімде және бірлескен жобаларда жалғасын табатын байланыстар мен таныстықтар орнайды», – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
