«Суды үнемде – болашақты сақта»: елордада бірыңғай эко-сағат өтті

Астана қаласындағы №91 мектеп-гимназиясында балалар мен жастар арасында су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған пилоттық білім беру жобасы аясында «Суды үнемде – болашақты сақта» бірыңғай эко-сағаты өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жоба Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі, «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ және «Адал азамат» мемлекеттік тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Эко-сағат офлайн және онлайн форматтарда ұйымдастырылды. Күндізгі форматта №91 мектеп-гимназиясының 9-11 сыныптарынан 250 оқушы қатысты. Онлайн режимде іс-шараға Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстары мен Астана қаласының мектептері мен колледждері қосылып, экологиялық тақырыптағы ашық диалогқа белсенді атсалысты.
Іс-шараның құрметті қонақтары – Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты Павел Казанцев және Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің вице-министрі Талғат Момышев. Олар су ресурстарын тиімді басқарудың маңыздылығын атап өтіп, жастардың бастамаларын жоғары бағалады.
Эко-сағат аясында №91 мектеп-гимназия білім алушылары өздерінің инновациялық жобаларын таныстырды. Атап айтқанда, «Су ізі» жобасы ерекше қызығушылық тудырды. Айта кету маңызды, қазіргі таңда Қазақстанда су ізін (water footprint) есептеудің ресми бекітілген ұлттық әдістемесі жоқ. Осыған байланысты №91 мектеп-гимназиясы халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, мектепте жүргізген зерттеу негізінде авторлық су іздерін есептеу моделін ұсынды. Бұл бастама алдағы уақытта су ізін есептеу бойынша ұлттық әдістемелік негіз қалыптастыруға практикалық үлес қосуы мүмкін.
Жоба барысында тамшының голографиялық кейіпкері қатысушыларды судың маңызымен таныстырып, мектеп пен Қазақстандағы орташа отбасының су тұтыну көрсеткіштерін визуалды түрде ұсынды. Сонымен қатар оқушылар «Qazaq Water VR» стартап жобасын таныстырып, Қазақстандағы су айдындарына виртуалды түрде ену мүмкіндігі бар платформа құру идеясы туралы айтып берді, сондай-ақ ойын опциясы қарастырылғанын айтты.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Су терапиясы» жобасы да көпшіліктің назарын аударды. Бұл жоба судың және түстің эмоционалды күйге әсерін зерттеп, эмоционалды интеллектті дамытуға бағытталған. Сондай-ақ Washington Academy-мен бірлесіп STEAM тәсілі аясында жүзеге асырылатын парфюм және сабын дайындау технологиялары таныстырылып, судың қасиеттерін тәжірибелік тұрғыда зерттеу мүмкіндігі көрсетілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – суды Қазақстанның стратегиялық ресурсы ретінде тану, оған саналы көзқарас қалыптастыру және оқушылардың экологиялық мәдениетін дамыту. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының «Адал азамат» бағдарламасын инновациялық, тәжірибеге бағдарланған форматта іске асырудағы үлесі көрсетілді.
Бастама алдағы уақытта Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстары мен Астана қаласының мектептері мен колледждерінде жалғасын табады. Сынып сағаттары, тақырыптық іс-шаралар, шағын зерттеулер мен зияткерлік ойындар арқылы әртүрлі жастағы білім алушылардың экологиялық жауапкершілігін арттыру жоспарлануда.
Айта кетерлігі, «Суды үнемде – болашақты сақта» пилоттық білім беру жобасы 2024 жылдан бастап халықаралық ұйымдар мен бизнес-серіктестердің қолдауымен «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ арқылы жүзеге асырылып келеді. Жоба елімізде тиімді су тұтыну мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.






