Тауарды негізсіз қымбаттатқан Small, Metro мен Esentai жазаланды
Қазақстанда жарты жылда заң бұзған 2 228 сауда субъектісі жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жыл басынан бері Сауда комитетінің өңірлердегі департаменттері сауда заңнамасын бұзғаны үшін 2 357 әкімшілік іс қозғады. Нәтижесінде 2 228 әкімшілік қаулы қабылданып, 381 сауда субъектісіне айыппұл салынса, құқық бұзушылықты алғаш жасаған кәсіпкерлік субъектілеріне 1 847 ескерту берілді, деп мәлімдеді Сауда комитеті.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы жылдың 6 айында мемлекеттік бақылау нәтижелерінің көрсеткіші 2 еседен астам өсті. Заң бұзушылықтың басым бөлігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 2 бабы бойынша байқалып отыр. Бірі – ӘМАТ тауарларына сауда үстемесін арттыру (ӘҚБтК-нің 204-4-бабы), екіншісі – баға белгілерінің болмауы немесе әртүрлі бағаны қолдану (ӘҚБтК-нің 193-бабының 4 және 5-тармағы), – деп толықтырды ведомство.
Сауда үстемесін арттырғаны үшін Алматы қаласындағы республика көлемінде бірнеше филиалы бар Small және Metro ірі сауда желілері, сондай-ақ мегаполистегі аса ірі премиум-класстағы Esentai Gourmet гастрономы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.