«Теңге ілу» федерациясы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындалып жатыр

0
227
фото: Ұлттық спорт қауымдастығы

Бүгін Астанада ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының «Теңге ілу» федерациясы өңірлік теңге ілу спортының бапкерлерімен және спортшылармен кеңейтілген алқа отырысын өткізді.

Жиынға ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев, Республикалық «Теңге ілу» федерациясының президенті Амангелді Әбдіқадыров, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаев, Ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нүркен Байбуриев және аймақтардан келген бапкерлер мен спортшылар қатысты.

Федерация президенті Амангелді Әбдіқадыров теңге ілу спорты бойынша былтыр атқарылған жұмыстарды қорытындылап, 2024 жылғы жоспарларымен бөлісті. Былтыр теңге ілуден Шымкентте Азия кубогі, Көкшетауда Қазақстан чемпионаты өтті. Сондай-ақ, аталған спорт түрін насихаттау мақсатында Алматыда халықаралық семинар өткізіліп, оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия және Ресей елдерінен өкілдер қатысты. Қытайда (Үрімші) «Теңге ілу» федерациясы ашылды.

Федерация басшысы 2024 жылы республика көлемінде және халықаралық деңгейде өткізілетін бірқатар іс-шараға кеңінен тоқталды.

«Ел ішінде ғана емес, басқа да мемлекеттерге теңге ілу спортын танытып, насихаттау бағытында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Оның ішінде биыл көздеп отырған ең басты жоспарымыз ол әрине, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарымен байланысты. Қазіргі таңда осы байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындық жүріп жатыр. Бұдан өзге Азия кубогі және Азия чемпионаты сияқты халықаралық жарыстар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, сәуір айында Халықаралық теңге ілу федерациясын ашу жоспарда бар», – деді Амангелді Әбдіқадыров.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде өткізу үшін барлық федерацияға дайындық жұмыстарын күшейту тапсырылғанын атап өтті.

«Теңге ілу» федерациясының құрылғанына көп болмаса да, осы ұлттық спортымызды халықаралық деңгейге шығару үшін біршама жұмыс атқарылды. Бұл – ата-бабамыздан қалған жауынгерлік өнер. Бүгінде біз оны спорттық дәрежеге көтеріп, бүкіл әлемге танытуды мақсат етіп отырмыз. Сондықтан теңге ілудің Дүниежүзілік көшпенділер ойынының бағдарламасына алғаш рет енуінің өзі осы ұлттық спортымызды әлемдік деңгейге көтеруге берілген тағы бір мүмкіндік. Біздің спортшыларымыз бұл мүмкіндікті қалт жібермей, дүбірлі додада жоғары деңгейде өнер көрсету үшін дайындықты барынша пысықтауы тиіс», – деді Т.Есентаев.

Сондай-ақ, алқа отырысына жиналғандар теңге ілу спортын дамытуға, оның ережесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Айталық, спортшының шауып өткен уақыты теңгені іліп алуға берілген уақыттан асып кеткен жағдайда, әрбір секунд үшін 1 теңге (1 ұпай) шегеріп отыру туралы өзгеріс енгізу ұсынылды. Бұл өзгерісті жиналғандар бірауыздан қолдады.

Жиналғандардың назарына теңге ілу спортының ережесі түсіндірілетін арнайы бейне ролик көрсетілді. Сонымен қатар, алдағы уақытта осы ұлттық спорттың шығу тарихы туралы деректі бейне ролик түсірілмек.

Жиын соңында ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін Федерация бірқатар азаматы алғыс хатпен марапаттады.

Еске сала кетейік, Республикалық «Теңге ілу» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты федерациялары бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ