«ТЕАТР АLL» III Халықаралық театр фестивалі аяқталды
Астанада 28 қазан мен 3 қараша аралығында өткен Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқанованың драматургиясына арналған «ТЕАТР АLL» III Халықаралық театр фестивалі аяқталды. Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана төрінде биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып жатқан халықаралық фестивальге Әзербайжан, Қырғызстан және Қазақстанның үздік театр ұжымдары қатысты.
«Театрлардың қатысуымен өткен фестивальдің басты мақсаты – түркі дүниесінің мәдени кеңістігіне есімі танымал жазушы-драматург Роза Мұқанованың драматургиясындағы рухани құндылықтарды өскелең ұрпаққа дәріптеу, театрлар арасындағы шығармашылық әріптестікті нығайту болып саналды. Астана қаласының әкімдігі мен Мәдениет басқармасы, Музыкалық жас көрермен театрының ұйымдастыруымен, міне, осындай мақсаттарды арқау еткен, әр күн сайын көрермен назарына сағат 11.00 мен кешкі 19.00-де екі мәрте қойылымдар сахналанып, бір аптаға созылған Халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті. Көрерменге шынайы театр атмосферасын сыйлаған фестивальдің жемісті де, табысты бір аптасы еліміздің мәдени кеңістігінде ерекше оқиғаға айналды»,- деді Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров.
Оның айтуынша, театр фестивалінің шеңберінде шеберлік сабақтары мен шығармашылық кездесулер өткізілді. Қазақ ұлттық өнер университетінің ұйымдастыруымен «Театр өнері және өнертану» факультеті студенттерінің Р.Мұқанова драматургиясы бойынша қойған өзіндік жұмыстарының көрсетілімдері, сонымен бірге Ұлттық кітапханада отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрайымы Әлия Бөпежанова мұндай фестиваль өнердің дамуына әсер ететінін атап өтті.
«Фестивальдік қозғалыстар жалпы өнердің дамуына, бәсекелістік пен жаңа ізденістердің дамуына өте қатты әсер етеді. Осылайша, талай театр әртісі танылып, үлкен шығармалар дүниеге келеді. Роза замандасыма шығармашылық табыс тілеймін. Оның шығармалары театрларға азық болып, біздің руханиятымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді», – деді Әлия Бөпежанова.
Көрерменді жазушы-драматург Роза Мұқанованың шығармашылығымен таныстыру, халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайту және театр өнеріне жаңа серпін беріп, өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау бағытындағы фестивальдің қорытындысы мен жүлде қорына тоқтала кетейік:
1. «Үздік қойылым» – «Фариза» драмасы (режиссері Фархад Молдағали) Түркістан музыкалық драма театры (1 000 000 теңге).
2. «Үздік режиссура» – Арнис Кыдырмышев («Жесір» драмасы) Жамал Сейдакматова атындағы «Тунгуч» жастар театры (Қырғыз Республикасы, Бішкек қаласы) (1 000 000 теңге).
3. «Үздік актерлік ансамбль» – «Қызжылаған» драмасы (режиссері – А.Максим), Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры (500 000 теңге).
4. «Үздік ер адам бейнесі» – «Шатыр астындағы Мен» спектакліндегі Анти Шрек рөлі үшін Хазар Гянджали, Газах мемлекеттік драма театры (Әзербайжан Республикасы, Газах қаласы) (500 000 теңге).
5. «Үздік әйел бейнесі» – «Бопай ханым» тарихи драмасындағы Бопай рөлі үшін Лейло Бекназар, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры (500 000 теңге).
6. «Үздік әйел бейнесі» – «Ешкім де кінәлі емес» спектакліндегі Асыл рөлі үшін Дина Заитова, C.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры (500 000 теңге).
7. «Сахналық жаңа форма табудағы ізденістері үшін» – «Мәңгілік бала бейне» спектаклі (режиссері – Ә.Оспанбаева), А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры (300 000 теңге).
8. «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» – «Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі Депутат рөлі үшін Дархан Муслимов, Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры (300 000 теңге).
9. «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» – «Қаралы сұлу» спектакліндегі Қызметші кемпір рөлі үшін Гүлжиян Шынтемір, Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры (300 000 теңге).
10. «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» – «Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі Қатира рөлі үшін Айжан Садықова, Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры (300 000 теңге).
Бұл фестивальдің әр номинациясы бойынша жеңімпаздарды Қазақстан мен ТМД елдерінің театр сыншылары және драматургтерінен тұратын қазылар алқасы мен сарапшылар анықтады.