«ТІЛ ЗАҢЫНА БАҒЫНҒАН ҰЛТТЫҚ ЕМЛЕ»

0
26

2026 жылғы 28 сәуірде Мемлекеттік тілді дамыту институтында «Тіл заңына бағынған ұлттық емле» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты – қазақ тілінің емле жүйесін талқылау, Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған жазу қағидаттарының өзектілігін зерделеу, сондай-ақ қазақ сөздеріндегі дыбыс тіркесімінің бұзылуын автоматты түрде анықтайтын IT бағдарламаны көпшілікке таныстыру.

Дөңгелек үстелді филология ғылымының кандидаты, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры Бижомарт Қапалбек жүргізді. Жиынға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, құрметті жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы, алаштанушы, жазушы, баспагер Елдос Тоқтарбай, PhD докторант, А.Байтұрсынұлы атындағы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері Әділет Ахмет, Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ тарихи мұражайының бас маманы, жазушы Аспандияр Әденұлы қатысып, ұсынылған мәселелер бойынша пікір білдіріп, ұлттық жазу жүйесіне қатысты ғылыми тұжырымдары мен кәсіби пайымдарын ортаға салды. Сондай-ақ Zoom платформасы арқылы онлайн форматта 100-ге жуық жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мектеп мұғалімдері, тіл мамандары және осы салаға қызығушылық танытқан өзге де азаматтар қатысты.

Іс-шара барысында филология ғылымының докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Алмасбек Әбсадық «Ауыл мектептері және Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбында баяндама жасап, ұлт ұстазының ауыл мектептеріндегі қызметі мен ағартушылық мұрасы туралы баяндады. Әділет Ахмет «Арғы түрік жазуынан Ахметке дейін» атты тақырыпта баяндама жасап, қазақ жазуының қалыптасу тарихына тоқталды.

Дөңгелек үстел аясында «Ақымет Байтұрсынұлының ұлттық жазуы мен бастауыш мектепке қатысты ұстанымдары» атты ұжымдық монографияның таныстырылды. Монография 2023–2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру аясында шығарылды. Еңбекте Ахмет Байтұрсынұлының ұстаздық жолы, бастауыш мектепке қатысты ұстанымдары, ұлттық әліпби мен әліппе жүйесі ғылыми тұрғыдан талданған. Сонымен қатар Ақаңға дейінгі сауат ашу құралдары мен одан кейінгі әліппелерге салыстырмалы зерттеу жүргізілген.

Іс-шара барысында Төлеубек Зайсанбаев «А.Байтұрсынұлы салған сара жол – емле ережесінің негізі» тақырыбында баяндама жасап, автоматтандырылған QAZEMLE IT бағдарламасын таныстырды.

QAZEMLE – қазақ сөздеріндегі дыбыс тіркесімінің бұзылуын автоматты түрде анықтайтын, мәтіндегі үндестік заңының сақталуын тексеретін және қате дыбыстық тіркестерді түзетуге мүмкіндік беретін IT бағдарлама. Бұл жоба 2024–2026 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру аясында әзірленіп жатыр.

Жобаны іске асыру үш кезеңнен тұрады:

  1. Қазақ сөздеріндегі и, у, ю, я таңбаларының қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына сай жазылуын жүйелеу (жүзеге асырылды);
  2. Барлық қазақ сөздерін қазақ тілі дыбыстарының тіркесім және үндесім заңдылықтарына бағындырып жазу (орындалу үстінде);
  • Шеттен енген термин сөздерді қазақ тілінің емле ережелеріне бейімдеу (жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған).

Жобаның үшінші кезеңін жетілдіру және кірме сөздердің жазылуын ғылыми негізде біріздендіру мақсатында QAZEMLE Жоғарғы кеңесі құрылып, оның құрамы таныстырылды. Кеңестің негізгі мақсаты – қазақ тіліндегі сөздердің, сөз тіркестерінің және сөйлемдердің дұрыс қолданылуын тілдің орфографиялық, орфоэпиялық, стилистикалық және лексика-грамматикалық нормаларына сай бекітіп, электронды ресурстар арқылы көпшілікке ұсыну. Кеңес құрамына 9 тілші-ғалым енді.

Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар қазақ тілінің табиғатын сақтай отырып, ұлттық емле қағидаттарын ғылыми негізде жетілдіру және оларды цифрлық ортаға енгізу бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажет деген ортақ пікірге келді.