Тілсіз жаудың беті қайтар емес

0
123

Міне, еліміз қара жамылып, төрт күн бойы арпалысып жат­са да, тілсіз жау тізгін бермей тұр. Өрттің кейбір ошақтарын ауыз­дық­тай алсақ та, біраз тұста қауіптілік деңгейі басылған жоқ.

Бородулиха ауданы­ның ауыл­дарын шарпыған өрттің салдарынан Семей қала­сына қарасты Каштак, Талица, Бұлақ, Озерка ауыл­дарының тұрғындарына да қауіп төніп, олар облыс орталы­ғына көшірілді. Семейдегі электртехникалық колледж бен құрылыс колледжінің жатақ­ханаларына аталған ауылдардан 148 адам орналастырылды. Олардың 56-сы – бала.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен Экология министрі Зүлфия Сүлейменова Бородулиха ауданындағы Успен­ское ауылында орналасқан жедел штабта жағдайды жіті назарда ұстап отырғанымен, ауыл іргесінде жанып жатқан ағаш­тардың қою түтіні әлі де басылар емес. Негізінен, тілсіз жау­дың тізгін тартпай тұруына ауа температурасының көтерілуі және желдің күшеюі де мейлінше әсер етіп тұр.

Әуел баста 60 мың гектар жерді жай­паған өрттің қазіргі аумағы 43 мың гектарға азайды десек те, қызыл жа­лын­ның Семей қаласы бағытында жыл­жығаны сақтық шараларын барынша күшейтуді қажетсінеді. Осы себептен қазір өртті оқ­шаулауға баса назар аударылып жатыр.

«Өртті оқшаулау үшін біз жеткілікті топ құрдық. Жеке құрамда 1,5 мыңға жуық адам бар: өрт сөндірушілер, орман қорғау қызметкерлері, қорғаныс және ішкі істер министрліктерінің қызметкерлері. Сондай-ақ 300-ге жуық техника мен 12 тікұшақ жұмыл­ды­рылды», деді министр С.Шәріпханов. Сонымен қатар министр Қарағанды облысынан келген өрт сөндіру машинасының Каштак ауылында жанып кетуі­не байланысты да түсінік берді. Айтуынша, қат­ты түтіннің салдарынан көлік жүргізушісіне алдыңғы жақты көру мүмкін болмай қа­лып, ағашқа соғылған. Артқа шегінбекші болғанда көлік от алмай қалған. Сол себепті жеке құрам өрт сөндіру техника­сын тастап кетуге мәжбүр болған.

Ауа райына болжам жасаған «Қаз­гид­ро­меттің» мәліметінше, бүгін Абай облысы бойынша жауын-шашын түспейді. «Солтүстік-батыс, солтүстік ба­ғы­­­тындағы 9-14 м/с-пен соқ­қан жел екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді деп күтілуде. Ауа температурасы түнде – 12-17 0С, күндіз 27-32 0С-қа шейін көте­ріледі», деп хабарлайды «Қаз­гид­ромет» болжау­шылары.

Жедел штабтағы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Александр Чистяковтың айтуынша, орман өртін күндіз ауыздықтау үшін өрт сөндіру машиналарының кіруіне қиын­­­дық бар. Сол себептен де әуеден тікұшақпен су тө­гу жұмыс­та­­рын тоқтатпау қа­­жет. Тек кеш­­­кі­сін өрт қы­зуы баяулағанда ба­­рып, машиналар мен жеке құрам жұмылдырылады. «Елді мекен­дерді түтін басу жайы бар. Бірақ өрттен қауіп төніп тұрған жоқ» деді А.Чистяков.

Қазір Каштак орман шаруа­шы­лығының 75. 77 137.139 кварталында өрт сөндіру жұмыс­тары жалғасып жатыр.

«Бәрі де өз ісіне    берілгендер еді»

Жалпыұлттық аза тұту күні жария­ланған 12 маусымда боро­ду­лихалықтар 14 орман өрті құр­бан­дарының бірі, Успенс­кое орман шаруашылығында қызмет атқарған Саят Нұржігітовті соң­ғы сапарға шыға­рып салды. Мар­құмның жаназасы туыс ағасы тұратын Бородулиха ауылында өтті. Қайғылы қазаға оның туыс­тарымен бірге әріптестері, ауылдастары келді.

– Бұл қаза бәрімізге өте ауыр соқты. Саят өз жұмысына беріл­ген мықты маман еді. 50 жас­тан енді асқанда айырылып қалдық. Артында жары, екі баласы, әкесі қалды. Ол бүкіл өмірін осы орман шаруашылығына арнаған азамат болатын. «Семей орманы» шаруашылығында қыз­мет атқарып жүріп жанын қиған­дардың қай-қайсысы да өз ісіне берілген жандар еді. Бұл оқиға орманшылардың бас­тан өткеріп жүрген қиын­шы­лықтарын, жалпы жағдай­ларын ашып берді деп ойлаймын. Техникалары ескірген, рацияның тапшы екенін бұған дейін де тиісті орындарға талай мәрте ескерткенбіз. Үкімет енді назар аударып, олардың әлеуметтік жағдайын оңалтуға, 100 мың теңгеден аспайтын жала­­қыларын көтеруге тиіс деп ойлаймын, дейді «Семей орма­ны» резерваты кәсіподақ ұйы­мының басшысы Гүлсара Байма­ғамбетова.

Айтпақшы, Бесқарағай ауда­нын­да орналасқан Долон орман шаруа­шылығынан Каштак ауылын­дағы өртті сөндіруге 9 мау­сым­да аттанған Сергей Ар­хи­повтан әлі күнге хабар жоқ. Оның аты жоғалғандар тізімінде бірден аталмай, тек неге 12 мау­сымда ғана белгілі болғаны түсі­ніксіз. Егер туыстары іздеп алаң­дамағанда бұл ашылмай қалуы да мүмкін бе еді, кім білсін?..

– Ол менің күйеуімнің аға­сы. өткен аптаның жұма күні өртті өшіруге аттанып, сол күйі ха­бар­сыз кетті. Кеше таңертең оның Бородулиха ауданындағы өрттердің бірінде жүргенін біреу­дің көріп қалғанын естідік. Бірақ өзімен мүлдем байланысқа шыға алмай отырмыз, дейді Әсемгүл Архипова.

Орман өртін сөндіруге тракторымен шыққан С.Архиповтың жоғалып кеткені туралы хабар алдымен әлеуметтік желіде та­раған болатын. Алайда құ­зырлы орындар ресми растау­ға асығар емес.

Еріктілердің үздіксіз көмегі

Қазір күрделі жағдай сипат алған Бородулиха ауданы­ның тұрғында­рына да ерікті­лер барынша көмек­тесіп жатыр. Успенское ауылына бар­­­ға­­ны­мызда сондай еріктінің бірі Ақ­ниет Алмасқы­­зын әңгі­меге тарттық.

– Біздің Успенское ауылын­да жүргенімізге екі күн болды. «Қазақстан альянсы» сту­дент­тік жастар ұйымының Се­­мей­дегі мүшелері ретінде кел­дік. Кеше Озерка ауылына барып, апарған азық-түлікті штабқа өткіздік. Кешкісін Боро­дулиха ауылындағы Мә­де­ниет үйінде орналасқан тұрғындармен кез­­десіп, азық-түлік, тағы да бас­қа қажетті затта­рымызды табыс­та­дық. Сол жерде тамақ істеп бе­ріп, енді, міне, таңертеңнен осын­дамыз. Жалпы, еріктілік кө­мекпен біз үнемі айналысамыз, дейді «Қазақстан альянсы» сту­денттік жастар ұйымының мү­шесі А.Алмасқызы.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз