Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында Сырдария ауданының  жаңадан сайланған әкімі таныстырылды.

Еске салсақ, жексенбіде Қазақстанда бірінші рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтті. Біздің өңірде Сырдария және Шиелі аудандарының әкімдері сайланды.

Аймақ басшысы Тәуелсіз Қазақстанның тарих жылнамасына жаңа саяси реформалармен қадам басқанын айтып, сайлау науқанында жоғары белсенділік танытқаны үшін аудан тұрғындарына ризашылығын білдірді.

– Ел жаңғыруының бастамасы ретінде Ата Заңымызға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Осы саяси науқандарды Сыр жұртшылығы ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, жоғары деңгейде өткізді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси жүйені жаңғырту бойынша қабылдаған шешімінің жалғасы ретінде күні кеше елімізде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Осы науқанда Сырдария ауданының тұрғындары жоғары белсенділік танытып, мызғымас бірлігін көрсетіп, ауданның жарқын болашағы үшін өз таңдауларын жасады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов Сырдария ауданы әкімі сайлауының қорытындысын хабарлады. Мұнда сайлаушылардың 72,3%-ы дауыс беруге келген. Олардың 84,3%-ы Берік Сәрменбаевты қолдады. Комиссия төрағасы Берік Әбдіғаппарұлына аудан әкімінің куәлігін табыстады.

Облыс әкімі жаңадан сайланған аудан басшысына дамудың барлық макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша оң параметрлерге қол жеткізуді тапсырды.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев пен мәдениет саласының ардагері Алмагүл Бақтиярова Берік Сәрменбаевты құттықтап, жаңа қызметінде сәттілік тіледі.

ТАБИҒИ ГАЗ ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІНЕ АЙНАЛДЫ

Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қалжан ахун ауылын табиғи газға қосу рәсіміне қатысты.

– Баршаңызды бірлігі бекем, тірлігі берекелі Қалжан ахун ауылының «көгілдір отынға» қосылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл тұрғындардың көптен бергі арманы еді. Президент пен Үкіметтің Сыр өңіріне ерекше қолдауының арқасында аймақ бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгені құрады. Оның ішінде Сырдария ауданының бюджеті 10,3 млрд теңгеге жетті. Бұл қаражат өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалуда.

Облысты газдандыру жоспарының нәтижесі жылдан-жылға жақсарып келеді. Биыл 12 ауылдық елді мекенге газ кіргізу жұмыстары басталды, бұл – 40 мыңнан астам тұрғын табиғи газдың игілігін көреді деген сөз. Осылайша өңірде газбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жеткізіледі. Келесі жылы да бұл жұмыстар жалғасады. Республикалық бюджеттен 12 млрд теңгеге 12 ауылға «көгілдір отын» кіргізу жобалары қолдау тапты. Алдағы жылы осы ауданның А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин ауылдарына газ жүргізетін боламыз. Ауылдарыңызға келген «көгілдір отын» көптің игілігіне айналып, тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайды жақсартуға оң әсер етеді деп сенемін, – деді аймақ басшысы.

Іс-шарада «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында Қалжан ахун ауылына газ жүргізуге үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Рәсімнен кейін облыс әкімі табиғи газ игілігін көрген үйге кіріп, үй иесіне ізгі тілегін білдірді.

Айта кетейік, биыл Сырдария ауданында бірқатар маңызды жоба қолға алынуда. Өңірде 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында құны 98 млрд теңге болатын 21 мектеп құрылысы жүргізілсе, оның біреуі Сырдария ауданында салынбақ.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл Н.Ілиясов ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі. Мұнан бөлек, «Іңкәрдария», А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун ауылдарындағы фельдшерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Келер жылы 7 ауданда салтанат сарайы, кітапхана, музей, архив, жастар, ардагерлер мен аналар бас қосатын «Руханият» орталықтары салынады. Осындай орталықтың алғашқысы Сырдария ауданында бой көтермек. Бұдан бөлек, «Бесарық» ауылында құны 218 млн теңге болатын спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Аудандағы автомобиль жолдарын жақсартуға былтыр және биыл 2,3 млрд теңге бөлініп, 60 шақырым жол жөнделді. Амангелді, «Жетікөл», «Айдарлы» және «Қоғалыкөл» елді мекендерінде 152,4 шақырым электр желісі ауыстырылуда. Оған  Ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге қаржы бөлінді.

СЫРДАРИЯЛЫҚТАРДЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН САУАЛДАР

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Сырдария ауданының тұрғындарын жеке қабылдады.

Аудандық мәдениет үйіндегі жеке қабылдауға барлық құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Бұған дейінгі осындай қабылдаулар ашық, жария түрде өткендіктен, мәселелер шешім тапқандықтан тұрғындар белсенділігі артқан. Бүгін жалпы саны 50-ден астам азамат түрлі ұсыныс-пікірін, өтініш-тілегін айтты. Тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, жеке бизнес бастау және кәсібін кеңейту, аяқсу, қоғамдық көлік – Сырдария ауданы тұрғындарын да толғандыратын сауалдар.

Аймақ басшысы қабылдауға келген азаматтарды тыңдап,  барлық  мәселе мамандардың жіті тексеруінен өтетінін айтты. Әрі қарай заңдылықты негізге алып, шешім қабылданады.

– Бүгін облыс әкімінің қабылдауында болып, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін жалғызбасты ана ретінде үй кезегінде тұрғанымды жеткіздім. Кезекте 2010 жылдан бері тұрамын. Аймақ басшысы жыл аяғына дейін баспана берілетінін айтып қуантты, алғысым шексіз, – дейді Тереңөзек кентінің тұрғыны Гаухар Аяпова.

– Жұмыс іздеп жүргеніме 2-3 жыл болды. Бұрын Астана қаласында «Қазақмыс» корпорациясында жобалаушы болып жұмыс істедім. Тереңөзек кентіне тұрмысқа шыққан соң, жұмыстан босатылдым. Жолдасым, үш қызым бар, бір айлыққа өмір сүру қиындау болып барады. Аймақ басшысы Қызылорда қаласынан жұмыс қарастыруға уәде етті, – деді аудан тұрғыны Нәбира Әлжаппарова.

ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ЖАҢАДАН САЙЛАНҒАН ӘКІМІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында Шиелі ауданының  жаңадан сайланған әкімі таныстырылды.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жаңа саяси реформалардың маңызына тоқталып, аудан әкімі сайлауына белсенді қатысқан   тұрғындарға алғыс айтты.

– Бұған дейінгі Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша өткен республикалық референдумға, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына аймақ жұртшылығы біркісідей қатысқан болатын. Аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси жүйені жаңғырту бойынша қабылдаған шешімінің заңды жалғасы. Күні кеше елімізде алғаш рет өткен осы науқанда Шиелі ауданының тұрғындары бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетті. Туған жердің ертеңі, өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін таңдау жасады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов Шиелі ауданы әкімі сайлауының қорытындысын хабарлады. Ауданда сайлаушылардың 75,2%-ы учаскелерге келіп, олардың 86,2%-ы Нұржан Ахатовты қолдаған. Комиссия төрағасы Нұржан Сәбитұлына аудан әкімінің куәлігін табыстады.

Облыс әкімі жаңадан сайланған аудан басшысына алдағы уақытта экономика салаларына, әсіресе, инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша нақты жұмыстар атқаруды тапсырды. Оған қоса, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы ерекше потенциалын пайдалану керек.

Актив отырысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил және тыл ардагері Сейілбек Аманжолов Нұржан Сәбитұлын құттықтап, жаңа қызметінде сәттілік тіледі.

ЖАҢА БАСПАНА – ЖАРҚЫН ӨМІР БАСТАУЫ

Биылғы шежірелі өңіріміз бен бірнеше ауданның жылнамасындағы тарихи жыл  ауқымды іс-шараларымен, жарқын жетістіктерімен есте қалмақ. Атаулы жыл аясында кеше Шиелі ауданында 50 отбасы баспаналы болды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пәтер иелеріне кілт табыстау рәсіміне қатысып, жерлестерін құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп, осы реттегі жұмысымызға бағыт көрсетті. Баспана қалың көпшіліктің тұрмыстық қажеттіліктерінің ең негізгісі болғандықтан,  мемлекет тұрғын үйге мұқтаж жандарды қамтамасыз етуге баса мән беріп келеді.

Аймақта, Шиелі ауданында пайдалануға берілген үй көлемі жыл сайын артуда. Тамыз айында «Көкшоқы» мөлтек ауданынан 3 қабатты 18 пәтерлі 4 тұрғын үйді пайдалануға беріп, 70-тен аса отбасының қуанышын еселедік. Облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1000 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның 400-і аудандарға тиесілі. Міне, бүгін Шиеліде 50 отбасы өз баспаналарына кіріп, қоныстой тойламақ. Жаңа шаңырақтарыңызға шаттық пен жақсылық тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Қоныстой иелеріне еңбек ардагері Киікбай Смайылұлы ақ батасын берді.

Іс-шарада «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Шиелі кентіндегі әлеуметтік осал топтағы отбасыларға тұрғын үйлер салып, пайдалануға беруге үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Шиелі ауданының тұрғындарын жеке қабылдады.

Оған барлық құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Аймақ тұрғындарының ашықтық қағидатына негізделген қабылдаулардың тиімділігіне сенімі артқан. Өйткені мұндай кездесулерде азаматтар өздерін толғандырған мәселе жайлы сауалдарын қойып, ой-пікірлерін жеткізе алады. Кейбір түйткілдердің шешімі сол жерде табылып, келушілер ризашылығын білдіруде.

Бүгін Шиеліде 60-тан астам азамат қабылдауға келіп, тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, жеке бизнес бастау және кәсібін кеңейту, аяқсу, қоғамдық көлік мәселелерін көтерді.

«Мен – «Еңбекші» ауылдық округінің тұрғынымын. Облыс әкімінің қабылдауына келіп, үстіміздегі айналма жолдан қиыршық тас алып, оны 40-50 тоннадан үйіп тастағандардың әрекетінен жолдың бұзылғанын айттым. Аймақ басшысы оларды шақырып, мәселені түсіндірді. Мұның соңы апатқа әкеліп соқтыруы мүмкін екенін ескертіп, жолды қайта қалпына келтіру үшін сәрсенбіге дейін  уақыт берді» дейді аудан тұрғыны Дүйсенбек Нұрбаев.

Облыс әкімі қабылдауға келген азаматтардың барлығын тыңдап,   көтерілген мәселелерді мамандар тексеріп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын айтты.

Еске салайық, бұған дейін аймақ басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасарлары және құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары әр ауданда бір күн бойы жеке қабылдаулар өткізді. Тұрғындардың мәселелері қаралып, реттілігіне қарай шешімін тапты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі