Қыздарымыз топтық жаттығуда күміс жүлде иеленді

0
13

Астаналық көркем гимнастика шеберлері Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен әлем кубогының екінші кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, елге күміс жүлдемен оралды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Халықаралық әуежайда спортшыларды Астана қаласы әкімдігінің №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің ұжымы, ата-аналар мен жақындары зор қошеметпен қарсы алды.

«Бұл біз үшін үлкен жетістік. Қыздарымыз топтық жаттығуда күміс жүлде иеленді. Әрине, жаттықтырушы ретінде өте қуаныштымын. Алда бізді Азия чемпионаты, әлем чемпионаты және Азия ойындары күтіп тұр. Сол жарыстарға тыңғылықты дайындаламыз», – деді аға жаттықтырушы Меруерт Балғынбаева.

Төрт жылдық үзілістен кейін елордалық гимнасшылар топтық жаттығуда жүлделі орынға қайта оралды. Жасмин Жүнісбаева, Аида Хакімжанова, Кристина Чепульская, Мадина Мырзабай, Айзере Кеңес және Айзере Нұрмағамбетова 51,25 ұпай жинап, күміс медаль еншіледі.

Жарыс қорытындысы бойынша:
• 1-орын – Қытай (55.90 ұпай);
• 2-орын – Қазақстан (51.25 ұпай);
• 3-орын – Бейтарап спортшылар (51.10 ұпай).

Айта кетейік, осыған дейін 2022 жылы дәл осы Ташкент қаласында өткен әлем кубогында отандастарымыз топтық жаттығуда қола жүлде жеңіп алған болатын.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ