Қызылдар кесапаты

0
100

Уақыт шымылдығы қанша бүркемелесе де, қанға боялған кесапаттың ізін жасыра алмайды екен. Арада қанша уақыт өтсе де…

Алаш баласы бейбіт, бостан күн кешіп жатқан. Ілкіден жалғасқан ғажайып салт-дәстүрін сақтап, төрт түлік малын өріс­ке толтырып. Жазықсыз адам қанымен суарылған, кейін адам сүйегі шашылған далада жаңа өкімет орнатпақ болып қы­лышынан қан тамып келген қатыгез, тірі жанды аяуды білмейтін кеңестендіру­дің қара дауылдай сұрапыл лебі дәстүр­лі шаруашылықтың отыз омыртқасын опы­рып, қырық қабырғасын қаусатып, күйрете келді. Зардабы адам айтқысыз ауыр болды. Жаппай ұжымдастыру мен отырықшыландырудың бір мезгілде ақ­бас толқындары аспанға атқан лебімен жүргізілгендіктен, қазақ қоғамының бұ­рын-соңды ежелгі тарихында көз көріп, құлақ естімеген әлеуметтік сілкіністер бастау алды. Ақмола өңірінің жүздеген мың қазақтары тіршілігінің көзі – төрт түлік малынан айырылатын болған соң Новосібір, Түмен, Омбы, Қорған өңіріне шілдің құмалағындай бытырай шашылып кетті. Бас сауғаламауға болмайтын еді. Мұндағы қызылдардың қаһары бет қаратпай тұрған. Жеті қараңғы түнді жамылып, зар еңіреп, туған жерін тастай қашқан ағайынның алды тұман. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Болашақ не болмақ, Сібірдің қалың қарағайының ішінен пана таба алар ма?! Көңіл күпті еді. Жеті атасынан бері құтты қоныс болған туған топырақта шыбын жанын паналататын дәрмен жоқ. Бір айта кетерлігі, ат арқасына мініп, атажұртын тастап, үдере көшкендердің негізі жеті атасынан бері босағасына береке байланған, ырыс үйірілген әулеттер еді.

– Социалистік қайта құрудың, яғни ұжымдастырудың ең басты кедергісі сол кездегі түсінік бойынша бай-кулактар болды, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Өтегенов. – 1928 жылдың 27 тамызында «Бай шаруашылықтарды тәркілеу туралы» және 1930 жылдың 19 ақпанында «Байлар мен кулактармен күрес. Жаппай ұжымдастыру жүргізілетін аудандардағы ауыл шаруашылығын социалистік үлгіде қайта құруды күшейту бойынша шаралар» қолға алынды. Нәтижесін ешкім болжап білмеген. Әйтеуір, кең қолтық Алаш жұртына зеңгір аспанның асты тар болатындай заманның келе жатқандығын болмашы лебінен болжап білген. Жалғыз мыңды айдаған байлар ғана емес, салығын уақытында төлей алмаған қолы қысқа адамдар да жау болып есептеліп, әртүрлі мерзімге сотталып, жер аударылды.

Тарихшы ғалымның сараптаған дә­лел­деріне қарағанда, архив құжаттарын­да сақталған қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың жеке істерін мұқият зерттеу нәтижесінде оларға әдейі төлей алмайтындай етіп өте көп көлемде жеке са­лықтар салынғандығын аңғаруға бо­лады. Демек, қиянаттың жоспарлы түр­де қолдан жасалғандығы көрініп тұр емес пе? Өлкедегі қуғын-сүргінге ұшы­рағандардың негізгі бөлігін кеңес өкі­метіне дейін би болған, босағасынан ырыс кетпеген байлар, діни қызметкерлер мен патша әкімшілігінде қызмет еткендер құраған. Жеке істерінде былайғы жұртқа сөзі өтеді деп көрсетілген беделді, абыройлы адамдар да қызылдар салған ойраннан аман қалмапты. Яғни бұл адамдардың ұстанымы кеңестің идеологияға сәйкес келмейтін топ өкілдері деп танылған. Мәселен, 1932 жылғы облыс көлеміндегі кулактар категориялары сол кездегі сая­си басқарманың аудандық бөлімінің құжаттарында тайға таңба басқандай көрсетілген.

– Кеңестік күштеп ұжымдастырудың қазақ қоғамына жасаған қиянаты өте ауыр болды. Тарихшы ғалым Виктор Да­ниловтың ғылыми жетекшілігімен ре­сейлік және шетелдік тарихшылар мен архив қызметкерлерінің үлкен тобы да­йындаған «Кеңес ауылының трагедия­сы: ұжымдастыру мен тәркілеу» ат­ты жи­нағында бұл мәселе жан-жақты дә­лел­деніп, қарастырылған, – дейді Марат Өтегенов. – Саяси қуғын-сүргінге ұшы­ра­ған­дардың тарихына тереңірек көз жү­гірт­сек, қан қасап қудалау саясатының кең ауқымда жүргізілгендігін байқауға бо­ла­ды. Қазіргі таңда зерттеу тобы Алма­ты, Қарағанды, Петропавл, Астана қа­ла­лары мен Ақмола облысының архив­те­ріндегі жерлестерімізге қатысты тари­хи құжаттарды зерттеу нәтижесінде мың­даған «байлар» деп айыпталған тұрғын­дардың тізімін толықтырылып жатыр.

Қандыауыз мылтықтың қарауылына іліккен, жазықсыз көз көріп, құлақ есті­меген әлдеқайда Жер аударылған адам­дардың бәрі бірдей кеңес өкіметіне білек сыбанып қарсы шыққан адамдар емес еді. Бір мысал келтіре кетелік. Кеңестің құрығына іліккен Зияден Кенжеболатов деген адамның ісі. Көкшетау ауданы­ның №10 ауылында тұрған. Мал біткен әулеттің басы. Араб графикасында жа­зылған түсініктемелері сақталған. Бес жылға сотталған деген мәлімет те осы жерде. Ал енді осы жазықсыз сотталған Зияденнің қандай кінәсі бар еді. Бар болғаны мал біткені ме?! Қазақстанда бай-кулактарды жаппай тәркілеу нау­қаны кезінде ең алдымен сотталғандар – бұрынғы текті тұқымның тармақтары. Бірінші кезекте НКВД-ның арнайы ше­шімі, қалалық атқару комитеті жанынан құрылған үштік сот шешімі осындай адамдар төңірегінде шығарылыпты. Олар сайлау құқықтарынан айырылған. Ұзақ мерзімге жер аударылған, еңбекпен түзеу лагерьлеріне жабылған. 1937 жылы саяси қуғын-сүргін ерекше дүмеп, ату жазасына кесілгендер күрт көбейген. Мына бір дерекке назар аударалық. Әубәкір Фазылов. Арқаға аты мәлім Шорман тұқымынан. Қырық мың мал бітіпті. Мұсылманша, орысша сауатты болған. Кеңес өкіметі орнаған кезде колхоздың есепшісі болып та істеген. Ал мұндай адамды қанқұмар өкімет тегін қоя ма? Ұстаған, соттаған. Деректерге үңілсек, сондағы сылтауы маңайына бай-кулак элементтерінен топ жинаған, колхоз мүлкін талан-таражға салған, пара алған. Алпыс ірі қара малды сойысқа жіберген делінеді. Иненің жасуындай кінәсі жоқ адамға таққан бар айыбы осы. Жазығы жоқ болса да он жылға сотталыпты. Қарағанды лаге­ріне қамалған. Тәуекелшіл адам болса керек, лагерьден қашып шығып, Көкшетау қаласын паналаған. Алайда төрт жылдан кейін тағы да ұсталған. 1937 жылы үштік соттың үкімімен ату жазасына кесіліп, үкім орындалған деген құжат сақталған. Еңбекшілдер ауданына қарасты №4 ауыл тұрғыны, 36 жастағы Омат Жатаев Қылмыстық ко­декстің 58-бабының 7-тармағы бойынша мемлекеттік шаруашылыққа кедергі келтіргені үшін әуелі Петропавл еңбекпен түзеу колониясына жабылып, он жылға сотталып, Қарағанды лагеріне қамалған. Ұжымдастыруға дейін 200 жылқы, 100 қойы, 75 ірі қарасы, 4 түйесі болған екен. Алты жалшы ұстапты. Бар кінәсі осы ғана. Қарағанды лагерінде жазасын өтеп жүрген кезінде Омат Жатаев өкпе ауруына шалдығады. Созылмалы сыр­қаттың салдарынан қайтыс болыпты. Өмірден өткені туралы мәлімет 1933 жылдың 15 қаңтарындағы №3 құжатта тіркелген. Небәрі 36 жыл ғана ғұмыр кеш­кен. Мұндай мысалдарды мыңдап кел­­тіруге болады. Құпия құжаттар­ды зерт­­теу барысында сан қилы тағдыр­­дың тәл­­кегін кездестіресіз. Оқып оты­рып сол бір заманның қаншалықты қаты­гез бол­­ғандығын түйсінесіз. Жазық­­сыз жан­­дардың ерте солған гүлдерін көз ал­­ды­­ңызға елестеткенде ет жүрегіңіз елжірейді.

Ілкіден салтанат құрған сайын да­ланы кезген долы дауыл, қанды қасап дін өкіл­деріне де аяушылық жасамапты. Мәселен, 1937 жылы «Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында ұлтшыл контрреволюциялық ұйым құрғаны үшін, ұлтшыл буржуазиялық демократиялық мемлекет құру идеясын қолдап насихат жүргізгені үшін» деген айыппен 14 діни қызметкер №41 үкіммен әртүрлі мерзімге сотталған. Үшеуі ату жазасына кесілген. Осы тараптағы бар деректі санамен салмақтасаңыз, қудалауға ұшырағандардың бар айыбы бақуатты өмір сүргенінде ме деп қаласыз. Мәселен, 69 жастағы ақсақал Әбдірах­ман Махметов патша заманында мыңғыр­ған мал баққан бай, 64 жастағы Қали Досымов төрт-бес жұмысшы ұстаған дәулетті адам, 59 жасар Сыздық Қалиев ілкі заманнан бері ырыс арылмаған ауқатты отбасының иесі. Міне, осы ті­зімге мұқият назар аударсаңыз, айдың-күннің аманында жазықсыз сотта­лып, жер аударылған, атылған адам­дар­дың барлығы дерлік малды, жанды әулеттен.

1929 жылдың екінші жартысынан бастап кеңестік ұжымдастыру Көкшетау төңірегіндегі барлық ауылдарды тегіс қамтып, колхоздарға кедейлермен бірге орташа шаруалар да тартылған. Күштеп отырықшылыққа мәж­бүрлеу қазақтың ауылымен бірге сан ғасыр бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен төл мәдениетін жұтаңдатып кетті. Шынтуайтында, солтүстік өңірде ұлт жойылуға шақ қалды. Солтүстік Қазақстанның негізгі бөлігін құраған Ақмола облысындағы жергілікті ұлттың азшылыққа айналуының басты себебі, жаппай ұжымдастыру мен тәркілеу еді. Бұл пікірімізді архивтегі қаны сорғалап тұрған құжаттар растайды.

(Дереккөз: egemen.kz сайтынан алынды)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз