ҚЫЗЫЛОРДАДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖЕЛІЛЕРІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

0
71

фото:ашықдереккөз

Қазіргі таңда Сыр елінде инфрақұрылым желілері тартылып, тұрғындардың тыныс-тіршілігі жақсарып келеді. Оның ішінде, Қызылорда қаласының көптеген жылдар бойы шешімін таппай келген ыстық сумен қамту мәселесі жақын арада шешілмек. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын іске асыру жөніндегі мәжілісте хабарлады.

«Өздеріңізге белгілі, осы кезеңге дейін Қызылорда қаласы республика бойынша ыстық сумен қамтылмаған бірден бір облыс орталығы болып келді. Біз Мемлекет басшысының өңірімізге жұмыс сапары барысында осы меселені көтердік. Президентіміз қолдау білдіріп, Үкіметке Қызылорда қаласының тұрғын үйлерін ыстық сумен қамту бойынша жұмыстарды 2025 жылдың аяғына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл жұмыстарға Үкімет резервінен 11 млрд.теңге бөлінді. Биыл қаладағы 187 үй орталықтандырылған ыстық сумен қамтылатын болады», – деді Н.Нәлібаев.

Мұнан бөлек, Мемлекет басшысының Жолдауда Үкіметтің басты міндетінің бірі – тұрғындарды газбен қамтамасыз ету деп атап өтті.

Облыс аумағындағы 4 қала (Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр)
100 пайыз табиғи газға қосылған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 230 ауылдық елді мекеннің 35-і газдандырылған. Облыс тұрғындарын газбен қамту үлесі 75 пайызды құрады.

Ағымдағы жылы облыс аумағында 24 газдандыру жобаларына 30 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Жыл басынан бері 5 ауылдық елді мекен табиғи газға қосылса, жыл соңына дейін тағы 6 елді мекен газдандырылады деп күтілуде. Нәтижесінде, газдандырылған ауылдық елді мекендер саны 46-ға жетіп, халықты газдандыру үлесі 78 пайызды құрайтын болады.

Бұдан бөлек, 98,4 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Қазіргі таңда облыс аумағында орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған 26 ауылдық елді мекен бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін бұл елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмек.

 

Мария Умарова

zamandas.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ