ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ: УӘДЕ ЕМЕС, ДЕРЕКПЕН ДӘЛЕЛДЕНГЕН ІС

0
24

Instagram желісінде тараған бір бейнеролик елдің есін елең еткізді. Онда мемлекет және қоғам қайраткері Ералы Тоғжановтың Маңғыстау облысын басқарған кезеңінде 36 мың жұмыс орны ашылатыны, соның ішінде Жаңаөзенде 5 мың адам еңбекпен қамтылатыны туралы айтқаны көрсетілген. Бұл сөз 2019 жылғы 26 сәуірде Жаңаөзенге жасаған жұмыс сапары кезінде, жұмыспен қамту комиссиясымен өткен кездесуде айтылған болатын.
Қазіргінің тілімен айтсақ, бір үзінді сөз алынып, соның төңірегінде пікір қалыптастыруға тырысқандай көрініс бар. Бірақ қазақ “судың да сұрауы бар” дейді. Әр сөздің салмағы, әр істің есебі болады. Сондықтан мұндай мәселеге байыппен, дерекке сүйеніп қараған жөн.
Сандарға жүгінейік.
2019 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысында еңбекке қабілетті халық саны 181,2 мың адам болды. Соның 172,3 мыңы жұмыспен қамтылды. Жұмыссыздар саны 15,3 мың адам болып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз деңгейінде қалыптасты. Бұл – жай статистика емес, нақты атқарылған жұмыстың айнасы.
Сол жылы облыс басшылығына нақты міндет жүктелді – 30 мың адамды жұмыспен қамту. Нәтиже ше? Жоспар сөз күйінде қалмай, орындалды. Ал Жаңаөзенде жоспардағы 5 000 мыңнан артық адам жұмысқа орналастырылды.Қазақ “ат аунаған жерде түк қалады” дейді. Демек, бұл жерде құрғақ уәде емес, нақты нәтиже бар.
Бір нәрсені ашық айту керек: бұл “ертең істейміз” деген бос сөз емес. Бұл – нақты бағдарлама, нақты әрекет, нақты нәтиже. Бір сөйлемді бөліп алып, соған қарап тұтас кезеңге баға беру – әділ таразы емес. “Көрмей жатып тон пішпе” деген де осы.
Маңғыстау – мұнайлы өңір. Бірақ заман өзгерді. Мұнайға ғана қарап отыратын уақыт артта қалды. Бүгінгі міндет – халықты тұрақты табысқа, кәсіпке, еңбекке бейімдеу. Осы бағытта сол кезеңде елімізде баламасы жоқ «Nur Kapital» бағдарламасы іске қосылды.
Бағдарлама аясында кәсіп бастаймын деген азаматтарға 1 пайыздық несие беру мүмкіндігі туды. Осы мүмкіндікті мүлт жібермеген 1000 нан астам адам өз кәсібін дөңгелетіп әкетті.Нарықта пайыздық мөлшерлеме қымбаттап тұрған кезде бұл – жеңілдік емес, нақты қолдау еді. Несие 7 жылға дейін беріліп, 5 жылға дейін субсидияланды. Ең басты талап – жаңа жұмыс орындарын ашу.
Нәтиже қандай?
2018–2025 жылдар аралығында 224 кәсіпкер өтінім беріп, соның 160 жобасы қолдау тапты. Жалпы 3,3 млрд теңге несие беріліп, 1 183 жаңа жұмыс орны ашылды.
Мұнайлы ауданында 63 жобаға 1 321,6 млн теңге, Жаңаөзенде 47 жобаға 1 006,5 млн теңге бағытталды. Жалпы қаржының 34 пайызы Жаңаөзен кәсіпкерлеріне тиесілі болды. Орта есеппен бір жобаға 20,6 млн теңге бөлініп, 7–8 адам жұмыспен қамтылды.
Бағдарламаның тиімділігі де көзге көрініп тұр.
2018 жылы қатысушылардан түскен салық 178,4 млн теңге болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 576,2 млн теңгеге жетті. Жалпы 2018–2025 жылдары бюджетке 2,49 млрд теңге салық түсті. Өсім – үш еседен астам. “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” дегеннің нақты көрінісі осы.
2025 жылдың өзінде ғана бағдарлама қатысушылары 227,6 млн теңге салық төлеп, 568 жұмыс орнын сақтап отыр. Әрбір 1 теңге субсидия 7,36 теңге болып бюджетке қайтқан. Бұл – құр есеп емес, нақты экономикалық қайтарым.
Әлеуметтік инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. «Атамекен» жобасы аясында алғашқы 10 айда жоспарланған 85 іс-шараның 39-ы меценаттар есебінен жүзеге асты. Соның нәтижесінде 12 спорт кешені мен алаң салынды. 4 мектепте жылыжай іске қосылды. 100 орындық отбасылық жатақхана пайдалануға берілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 11 пәтер табысталып, 18 тұрғын үй жөнделді. Балаларға арналған 4 ойын алаңы бой көтерді.
Рухани бағыт та ұмыт қалған жоқ. Жаңаөзеннен Бекет атаға апаратын жол торабы салынып, Жаңаөзен мен Жетібай арасындағы 100 шақырым жол ел игілігіне берілді. Бұл тек жол емес – экономиканың күретамыры. Қосымша табыс, жаңа жұмыс орындары, қауіпсіз қозғалыс. “Жол бар жерде – тіршілік бар” деген сөз бекер айтылмаған.
Қысқасы, бұл кезең – сөздің емес, істің кезеңі болды. Қазақ “ісіне қарап кісіні таны” дейді. Баға беру үшін бір ауыз сөзге емес, тұтас атқарылған іске қарау керек.
Қорытынды айқын:
Маңғыстауда жұмыспен қамту да, кәсіпкерлікті қолдау да қағаз үшін емес, халық үшін жасалды. Жоспар болды. Қаржы бөлінді. Кәсіп ашылды. Адамдар жұмысқа тұрды. Бюджетке салық түсті.
Ал еңбек жүрген жерде – береке бар. Береке бар жерде – ертеңге сенім бар.
Сондықтан әлеуметтік желіде ақпарат таратқанда әр сөздің салмағын, әр деректің шынайылығын ескерген жөн. “Айтылған сөз – атылған оқ” дейді. Оның қайтып келмейтінін ұмытпау керек.