Жаңа Конституцияда адам капиталын дамыту – мемлекеттің стратегиялық басым бағыты: Үкіметте инклюзивті саясат шаралары қаралды

0
12

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инклюзивті саясатты жүзеге асыру шаралары қаралды. 

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев біздің мемлекетіміз әлеуметтік мәселелерге баса мән беретінін әрдайым атап өтуде. Жаңа Конституцияда адам капиталын дамыту, мүгедектігі бар адамдардың құқықтары, бәріне бірдей мүмкіндік беру, қолжетімді орта қалыптастыру мемлекеттің стратегиялық басым бағыттары ретінде айқын көрініс тапқан. Біздің міндетіміз – мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсету», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Осыған орай Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдады.

Жиында атқарылып жатқан жұмыстар туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, Астана қаласы мен Павлодар облысының әкімдері, сондай-ақ қоғамдық «Qamqor plus» мүгедектер бірлестігінің төрағасы Нияз Сүндетәлиев баяндама жасады.

Еңбек министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар 752 мыңға жуық адам тұрады, бұл жалпы халық санының 3,7%-ын құрайды. Олардың жартысынан көбі еңбекке қабілетті жастағы адамдар.

Отырыс барысында инклюзивті орта құру азаматтардың қызметтер мен инфрақұрылымға тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғам өміріне толыққанды қатысу үшін жағдай қалыптастыруы тиіс екені баса айтылды. Бұл мақсатта мүгедектігі бар жандар үшін кедергілерді жоюға бағытталған арнайы бағдарламалар мен шаралар жүзеге асырылуда, бұл қазірдің өзінде оң нәтижесін беріп отыр. Бұл ретте тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін бизнес, үкіметтік емес сектор, бүкіл қоғам белсендітүрде атсалысуы тиіс екені баса айтылды.

Премьер-министр жергілікті жерлерде орын алып отырған кемшіліктерді атап өтті.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар өңірде жүйелі проблемалар сақталып отыр, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың барлығы бірдей оқумен қамтылмайды, психологиялық-медициналық педагогикалық комиссияларға (ПМПК) кезектер тіркеліп, арнайы мамандарға қолжетімділік шектеулі күйінде қалып отыр. Мәселен, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ басқа да бірқатар өңірде «ерекше» балалардың барлығы бірдей біліммен және инклюзивті жағдайлармен қамтылып отырған жоқ. ПМПК тапсыруды күту бірнеше айға созылуы мүмкін, ал жүйе барлық мұқтаж баланы түгел қамтымайды.

Сондай-ақ кадр тапшылығы сақталып отыр. Логопед, сурдолог пен реабилитолог мамандар жетіспейді, ал мұғалімдердің практикалық дайындық деңгейі қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келмейді. Осы ретте Оқу-ағарту министрлігіне ерекше балалармен жұмыс істеу бойынша мұғалімдерге арналған оқыту курстарын тұрақты негізде ұйымдастыру тапсырылды.

Инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттілігіне де баса назар аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлерде инклюзивті спорт орталықтарының құрылысы жалғасуда, бірақ бассейндер мен спорт кешендерінің қолжетімділігі өзекті болып қалып отыр. Нысандарды кедергісіз орта етіп бейімдеу формальды түрде жүретіні атап өтілді: әкімдіктер тарапынан жергілікті деңгейде ведомствоаралық үйлестіруге жеткілікті көңіл бөлінбейді және мектептерде, вокзалдар мен әуежайларда қолжетімді орта толық көлемде қамтамасыз етілмеген.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділік тұрғысынан алғанда одан әрі жетілдіруді талап ететін саланың бірі – көлік инфрақұрылымы, оның ішінде пойыз құрамдарындағы мамандандырылған вагондар санын арттыру және нысандардың ыңғайлылығын арттыру бар. Бұл ретте елімізде ұлттық стандарт қабылданған, бірақ оны сапалы жүзеге асыру үшін «әмбебап дизайн» мен қарапайым, қолжетімді қағидаларды енгізген жөн.

Бұған қосымша менталдық ауытқуы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетуді күшейту қажет. Басым бағыт ретінде кешенді сүйемелдеуден тұратын халықаралық тәжірибе алынды, онда ерте диагностикалау, үздіксіз түзету мен педагогикалық қолдау және кейіннен жұмысқа орналастыру шаралары қамтылған.

Отырыс қорытындысында Премьер-министр жауапты ведомстволар мен мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді:

Бірінші. Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 қарашасына дейін инклюзияны қолдаудың жаңа тәсілдері мен кешенді моделіне сәйкес мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді әзірлесін.

Екінші. Оқу-ағарту министрлігі 1 қыркүйекке дейін инклюзивті білім берудің, кадрлармен қамтамасыз етуді арттырудың және қолдау қызметтерін күшейтудің сапалы жаңа моделін енгізсін. Менталдық ауытқуы бар балаларды тәрбиелейтін отбасыларды кешенді қолдаудың бірыңғай ведомствоаралық жүйесін қалыптастыру қажет.

Үшінші. Өнеркәсіп және Көлік министрліктері осы жылдың 1 маусымына дейін елде кедергісіз ортаны қалыптастыруға арналған «әмбебап дизайнды» ведомстволық бұйрықпен бекітуге тиіс. Көлік саласындағы нысандардың қолжетімділігі мәселесін кешенді түрде шешу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құру керек.

Төртінші. Денсаулық сақтау министрлігі өңір әкімдіктерімен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, «Қамқорлық» бастамасы аясында аудандық деңгейде оңалту орталықтарын ашу мәселесін шешуі қажет.

Бесінші. Спорт министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, барлық өңірде инклюзивті спорт орталықтарын ашуды жеделдетуге тиіс. Еңбек, Өнеркәсіп министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы спорт нысандарын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімдеу мәселелерін шешуі керек.

Барлық мемлекеттік органдарға осы бағытта өзара үйлесімді жұмысты қамтамасыз ету тапсырылды.

Жұмысты үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ