Жалған урбанизацияны қалай реттейміз?
Наурыз айында ауылды дамытуға арналған бесжылдық тұжырымдама қабылданады. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Негізгі, ауылдың жылдар бойы қордаланған мәселесін шешу үшін бір бесжылдық аздық етеді. Десек те бірінші бесжылдықта берекесі кеткен көп ауылдың бетін бері қаратып алсақ, соның өзі олжа болғалы отыр. Содан соң қат-қабат проблемасы біртіндеп шешілер деген үміт бар.
Үдеріс қайда апарып соғады?
Рас, жалпы ауылдағы ахуал туралы аз айтылып жүрген жоқ. Соның ішінде қазір ауылдан қалаға көшу, ішкі миграция, урбандалу мәселелері өте өзекті. Ауылда көш тұрақтамайынша, оның өркендеуі неғайбыл. Әлбетте, урбандалудың еш сөкеттігі жоқ. Егер ол жүйелі урбандалу болса. Бүгінгі ірі шаһарлардағы жағдай бұл үдерістің ондай кемелдіктен кемшін екенін көрсетеді. Осы күні ірі қалаларда жалған урбанизация жүріп жатыр.
Әуелі жалған урбанизацияның не екенін жіліктеген жөн. География әрі саясат тілінде бұл – қалаларға көшкен халықтың сол қала әлеуетімен сәйкес келмеуі. Яки сол шаһардағы тұрғын үй, жұмыспен, әлеуметтік қамтуда қала мүмкіндігінің адам санына сай еместігі, тепе-теңдіктің жоқтығы.
Қоныстанушылардың қаланың экономикалық-әлеуметтік өсімінен асып түсуі. Осы арада көзіңізге таразыны елестетіңіз. Таразының бір басына халықтың мөлшерден тыс саны, екінші жағында қаланың оларды асырап-сақтайтын әлеуеті тартылды делік. Ал бүгінгі жағдай жалған урбанизацияның таразы тасын төңкеріп тастайтындығын көрсетеді. Ол дегеніміз, басым көпшілігінің тұрақты жұмыссыз, үйсіз-күйсіз тірлік кешуі. Міне, осыны ғылымда «трущобалық» урбанизация – жалған урбанизация дейді. Осы кезде қалаға жөңкілген көш пен баспанасыз, жұмыссыз қаңғыған бұқара жалған урбанизацияның «белді» әрі «сенімді» мүшесі. Мұндай урбанизацияның соңы – әлеуметтік қақтығыс, шиеленістер, мәдени, рухани кедейлену, маргиналдану. Ол – он бес жыл бұрынғы «Шаңырақ» қақтығысы. Ол – ай-күннің аманында бес баланың тірідей өртеніп кетуі. Ол – қоғамдық орында еркек, әйел демей, жаға жыртысқан, бет тырнасқан әдепсіздігі. Ол – маргиналдану. Ол – жұмыссыздардың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың көбейе түсуі, тағысын-тағылар.
«Өгізге туған күн бұзауға да туады»
Үкімет 2019 жылы «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын» қабылдады. Құжаттың басты үш бағыты бар. Төрт агломерация – Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе мен «екінші деңгейдегі» қалаларды дамыту, моно және шағын қалаларды, ауылдық елді мекендерді дамыту көзделген. Урбанизация деңгейі жан-жақты жазылған.
Әлбетте, урбанизациясыз экономиканың дамуы да күрделі. Тек жоспарланған урбанизацияда ғана ілгерілеу мүмкін. Стихиялық сипаттағы урбанизацияның соңы жақсылыққа апармайтынын жоғарыда атап өттік.
Қарағанды үшін бұл мәселе әзірге асқына қойған жоқ. Алайда Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы жалған урбанизация күн санап күшейіп келеді. Десе де, «өгізге туған күн бұзауға да туарын» еске салғымыз келеді.
Жария етілген дерекке жүгінсек, Қарағанды аймағында бүгінде урбанизация 80,8 пайыз көлемінде. Бұл – 1371,7 мың адам. Ауылда 227,6 мың ғана адам. Оның пайыздық үлесі 19,9 шамасында. Бұған ауылдың қартайып бара жатқанын қосыңыз. Есесіне қалада өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, тұрақты жұмысы жоқтардың саны еселенгені күмәнсіз.
«Үй шаруашылықтарын іріктеп зерттеу дерегі бойынша 2022 жылғы III тоқсанда Қарағанды облысында табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінен төмен халықтың үлесі 3,5%. Қалалық жерлерде мұндай санаттағы халықтың үлесі ауылдық жерлердің үлесінен 1,2 артып, 3,8%-ды құрады», дейді облыстық статистика департаментінің баспасөз қызметі.
Яғни қалалық жерде күнкөрістің ең төменгі деңгейінен де төмен табысы бар халықтың үлесі 3,5 пайыз. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,5 пайызға көп көрінеді. Ойланатын мәселе ме? Мәселе! Әлеуметтік ахуалдың күрделенуі, жұмыссыздықтың өршуі деуіміз осыдан туындайды.
«Жүйесіз урбанизация ауылды тоздырады»
Ауылдың көшін тоқтататын мемлекеттің нақты бағдарламасы қажет. Ол қала мен ауылды теңестіретіндей болуға тиіс. Отыз жыл бойы анау делінді, мынау делінді. Әйткенмен, ол бағдарламалардың бәрі ауылда халықтың тұрақтауына септігін тигізбеді.
Үкімет «Ауылды жасанды жолмен ұстап тұру тиімсіздігін» де айтқанын білеміз. Бірақ ауылшаруашылығы өнімінің 80 пайызын сол ауылдағы ағайынның жеке шаруашылықтары беретінін де Үкімет естен шығармауға тиіс. Осы орайда ауыл адамының жағдайын толық қамтамасыз ететін бағдарлама сұранып тұр. «Дипломмен – ауылға!», «Ауыл – ел бесігі» мәселені түбегейлі шеше алмайды.
Кеңестік жүйенің барлық жақсылық-жамандығын бірдей көрген аға буынның айтуынша, кеңес өкіметі ауыл адамын қалаға алаңдамай, шаруасын дөңгелетіп әкететін жүйе қалыптастырған. Барлық жағдайын толықтай қамтамасыз еткен соң ауыл адамы қалаға жалтақтамаған. Шовинистік пиғыл әдейі жолатпады дерсіз. Ол да мүмкін. Алайда ауылдағы ағайынның табысы қомақты, басында баспанасы, астында көлігі, алдында малы, қасында жаны түгел еді. Әрине, бұл ауылдың адамы қалаға көшпесін дегеніміз емес. Қарапайым, мамандығы сұранысқа сай емес ауыл адамының екі ортада қажетсіз болып қалатындығы. Қалаға келіп, қаңғып, содан соң қоғамға қажетсіз болып қалуы – мәселе. Қазір әлеуметтік желі, мейлі күнделікті тіршілік болсын, қалада ауылдық өмір салтының белең алып бара жатқанын мойындауға тиіспіз.
Немістен неміз кем?
Ауылшаруашылығы саласының ардагері Ниқанбай Иманғалиұлының айтуынша, соңғы он жыл аралығында елімізде 500-ге жуық ауыл жойылған.
«Үкімет бір бағдарламаға байланбай, ауылдарды көркейтуге күш салуға тиіс. Бүгінге дейін бөлінген қаржы мен күткен нәтижеге қаншалықты сай келеді деген сұрақ кез келген ақыл иесін толғандырары сөзсіз. Егер ауылды көркейтіп, ішкі көші-қонды реттемесе, біраз жылдан соң ауылда тұратын адам қалмайды. Ойластырылмаған урбанизация қалаларды аздырып, ауылдарды тоздырады. Сондықтан «ауылдық» урбанизация, яғни бүгінгі асқынып кеткен қала мен ауылдың арасындағы жер мен көктей қарама-қайшылықты реттеу принципін қалыптастыруға күш салу басты мақсат болуы керек», дейді Ниқанбай Иманғалиұлы.
Осындай бағдарлама Германияда бар екен. Бұл елде ауылдарға арнайы қоныстануы үшін көшіп келгендерге мемлекеттік қолдау жасалады. Барлық мүмкіндік бар. Содан шығар, бүгінде Германияда ауылдық жерде бизнестің шағын және орта түрі өріс алған. Бірақ бір ғажабы қаласы мен ауылының айырмасы жоқ.
– Бір-бірімен тұрмысы, тіршілігі жағынан біте қайнасып кеткен. Яғни инфрақұрылымы, өркениеттік жағынан алғанда бөле-жарары жоқ. Сол себепті екі жаққа да халық ағыл-тегіл жүре береді, – дейді Гейдельберг университетінің география профессоры Ульрике Герхард. Мұнда да кейбір ауылдардың босап қалу қаупі бар көрінеді.
Сондықтан билігі қол қусырып отырған жоқ. Олар «Біздің мақсат – қала мен ауылда өмір сүрудің бірдей шартын қалыптастыру» деген ұранды ұстаныпты.
Иесіз қалған ауылдар
– Соңғы жылдары ірі қалаларда халық саны артып келеді. Қаланы қазақтан қызғанбаймыз. Жайлы тұрмыс үшін келіп жатқаны түсінікті. Алайда қаланың жаңа тұрғындары көбейгенімен, халқы көшкен ауылдар бос қалып жатыр…
Бүгінде билік баса назар аударуға тиіс екі мәселе болса, соның бірі – ішкі көші-қон. Тіпті бұл үрдіс стихиялық сипат алып кетті деуге болады. Себебі соңғы бір жылда бірнеше қала мәртебесіне сай болмай шықты.
Ұлттық экономика министрлігі таратқан мәліметке сенсек, соңғы 10 жылда қала халқы 8 есеге өскен. Урбандалу бүгінгі замандағы ғаламдық құбылыс дегенімен, жаңа тұрғындарды қабылдауға ірі қалалардың өзі дайын болмай отырғанын да көріп отырмыз.
Үкімет «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама ауылдардың ажарын ашып, ондағы тұрмыс сапасын қаламен теңестіруге тиіс. Бастапқы кезеңде болашағы бар ауылдар анықталды. 2025 жылға дейін 800 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаржы ауылдағы инфрақұрылымды дамытып, өмір сапасын қаланың жағдайымен теңестіруге жұмсалмақ. Биыл Үкімет Қазақстан ауылдарын көтеру үшін 106 млрд теңге бөлген екен.
Ниқанбай ОМАРХАНОВ,
ауылшаруашылығы саласының ардагері