Жарты жылда Астанада 15 мыңнан астам нәресте өмірге келді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 6 айда елордада 15 мыңнан астам нәресте өмірге келді. Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында «Жаңа туған нәрестелер мен аналардың денсаулығын сақтау туралы» тақырыбында өткен брифингіде мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тамыздың бірінші аптасында табиғи жолмен емізудің бала денсаулығына пайдасын түсіндіру үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ және көптеген елдердің денсаулық сақтау министрліктері, азаматтық қоғам өкілдерінің қолдауымен Дүниежүзілік омырау сүтімен емізу апталығы ұйымдастырылды.
«2023 жылғы апталық ана сүтінің қаншалықты пайдалы екенін түсіндіруге, жұмыс істеп жүрген әйелдердің проблемасына, емізулі балалары бар аналардың құқығын қорғауға арналады», — деді Астана қаласының бас педиатры Дана Абельгазина.
Оның айтуынша, ана құқығын қорғап, жүктілік демалысын уақытылы беру, сондай-ақ жұмысқа шыққаннан кейін де оларға қажет жағдай жасалуы бағытында ақпарат таратылды. Биылғы жарты жылда Астанада 15 121 бала дүниеге келген.
Көптеген елдерде кейінгі 10 жылда балаға беретін түрлі қоспалардан бас тартып, табиғи ана сүтіне көшіп жатқандар саны айтарлықтай артып келеді.
Өз кезегінде Астана қаласының №3 көпбейінді қалалық ауруханасының неонатолог дәрігері Ұлсерік Қалибекова ана сүті емізулі баланың дене бітімі мен ой-санасының толыққанды дамуына ықпал ететінін айтты.
«Баланың да, анасының да денсаулығына оңтайлы әсері болады», — деді дәрігер.
Мамандардың сөзіне қарағанда, фармацевтикалық компаниялардың жасанды қоспаларға қатысты түрлі жарнамалары қоғамға кері әсерін тигізіп жатыр. Осының салдарынан жас отбасылар ана сүті мен табиғи емізудің маңызын түсінбей жатады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, табиғи ана сүті әлемде 820 мың баланың өмірін құтқарады.