Жастар жұмыссыз қалмайды

0
155

Жақында халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама 2029 жылға дейін ұзартылды. Аталған құжат 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы керек болатын. Үкімет мерзімін ұзартқан бағдарлама қазақстандықтардың, оның ішінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын, өмір сүру сапасын жақсартуға, табысын арттыруға бағытталған.

«Халықтың табысын арттыру бағ­дар­ламасын әзірлеу қажет. Жұмыс нақ­ты және мақсатты болуы керек. Әрбір бас­қару деңгейінде кедейлікті азай­ту­дың нақты көрсеткіштері белгіленуі тиіс. Жұмысқа мұқтаж азаматтардың нақ­ты санын анықтау қажет» – деген Президент тапсырмасы негізінде жүзеге асып жатқан бағдарлама 5 бағытты қам­тиды. Олар: өңірлік жұмыспен қам­ту карталары шеңберінде эконо­ми­ка­ның нақты секторында жұмыс орнын құ­ру, «Ауыл аманаты» жобасын іске асы­ру шеңберінде ауыл тұрғындарының кі­рісін арттыру, табыс деңгейін арт­ты­ру­ды қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі шаралар және мемлекеттік қолдау ша­ралары, бюджет қаражаты есебінен жа­­­лақыны көтеру бойынша мін­дет­те­мелер, халықты мемлекеттік әлеуметтік қолдау.
Деректерге көз жүгіртсек, ЖОО бі­тір­ген түлектердің шамамен 35 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істе­мей­ді. Ал 40 пайызы оқу бітіргеннен кейін бір жыл көлемінде екі қолға бір күрек тап­пайды. Осы орайда жастар ара­сын­да­ғы жұмыссыздықты жоюды көздеген бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде 2029 жылға қарай 3,3 миллионнан ас­там адамды, оның ішінде 2,3 миллион жас­ты жұмыспен қамту жоспарланған.
Қазақстанда қазіргі уақытта 207 жұ­­мыспен қамту орталығы бар екен. Олар аудандарда, облыстық және рес­пуб­ликалық маңызы бар қалаларда тұ­ратын адамдарды қабылдайды. Жас­тар­ды жұмыспен қамтуға арналған «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар прак­тикасы», «Дипломмен ауылға» сын­ды бағдарламалары бар. Аталған бағ­дарламалар жастарды жұмысқа ор­на­лас­тырудың тетігін іске асыруды қам­ти­ды.
ЖОО бітірген жас маманға бірден жұ­мыс табылуы қиын. Қолында дип­ло­мы болғанымен, тәжірибесі жоқ ма­ман­ды көп мекеме жұмысқа алғысы кел­мей­ді. Осы орайда мемлекет жастарға ты­­­­ғырықтан шығудың жолын ұсынады. Ол – «Жастар практикасы». Биыл да атал­ған жоба жалғасын тауып отыр.
Мемлекеттік жобаға жұмыс беру­ші­лер­дің өзі аса қызығушылық танытып отыр. Былтыр «Жастар практикасына» 436 жұмыс беруші қатысып, 1996 жаңа жұ­мыс орнын ашқан. Жұмыссыздарды қо­­­ғамдық жұмыстарға қызметке орна­лас­тыру үшін 2 164 жұмыс орнына 324 жұмыс берушімен шарт жасалған. Ас­тана қаласы әкімдігінің Халықты жұ­мыс­пен қамту орталығы Жастарды жұ­­­­мыспен қамту бөлімінің маманы Ай­гүл Рақышеваның айтуынша, «Жастар практикасы» әлеуметтік қолдауға мұқ­таж азаматтарды нақты қажеттіліктері бойынша анықтауға, жастарды жұмыс­пен қамтуға мүмкіндік береді.
– «Жастар практикасына» оқуды ен­ді бітірген, мамандығы бойынша әлі тә­­­жірибесі жоқ жастар қатыса алады. Бағ­дарламаға қатысудың бір шарты – оқу бітіргеніне 3 жылдан аспауы керек. Яғ­ни, мектеп пен колледж бітірген жас­тар да қатыса алады.
«Жастар практикасының» басты мақ­­саты – колледж немесе ЖОО жас­тар­ды мамандығы бойынша жұмысқа ор­наласуға көмектесу, жұмыс істеуге бейім­деу. Яғни, алғашқы жұмыс тәжі­ри­бесін жинауға мүмкіндік беру. Жұмыс тү­рі әр өңірде әрқалай. Жұмыс беру­ші­лер арасында мемлекеттік мекемелер, же­кеменшік компаниялар мен зауыттар бар. «Жастар практикасына» келгендер қай мекемеде тағылымдамадан өткісі ке­летінін айтып, өтініш білдірсе болады. Алай­да бір айта кетерлігі, жастар жұмы­сы ауыр кәсіпорындарға, зиянды, қауіпті жұмыстарға жіберілмейді.
Бағдарлама аясында практикаға қа­­­­былданған жас түлек өзін жақсы қы­ры­нан танытып, қабілет-қарымын көр­се­те алуы тиіс. Өйткені жұмыс беру­ші­нің талабы маңызды. Жұмысқа келген жас­ты арнайы тәлімгер үйретіп, жөн сіл­тейді.
Жас маман жауапкершілігін, талабы мен жұмысқа деген қызығушылығын та­­нытса, жұмысқа тұрақты орналаса ала­­ды. Былтыр 998 түлекті жұмыспен қам­ту жоспарланған. Білім беру ұйым­дарының 252 түлегі жастар тәжірибесіне қа­тысып жатыр. Биыл 900-ге жуық жас тү­лекті жұмысқа орналастыру көзделіп отыр.
«Жастар практикасына» қатысу­шы­лар­дың жалақы мөлшері әр жылда әр­түр­лі. Биылғы есептеме бойынша, 198 мың теңге. Қолға алатыны – 107 мың тең­ге. Бұл – мемлекет тарапынан бері­ле­тін жалақы. Зейнетақысы мен әлеу­мет­тік медициналық сақтандыруы жү­ре­ді. Егер жұмыс беруші бөлек еңбекақы тө­леймін десе, өз қалауындағы дүние.
«Жастар практикасы» бойынша жас ма­мандарды жұмысқа қабылдағысы ке­ле­тін жұмыс орындары көп. Бүгінде IT мамандары, заңгер, экономист, қар­жы­гер, экология саласы және балық ша­­­руашылығы бойынша мамандар сұра­нысқа ие болып отыр, – деді Айгүл Рақы­шева.
«Жастар практикасы» арқылы жұ­мыс­қа орналасқандардың бірі – Қазы­бек Мәулен. Алғаш рет «Жастар прак­ти­ка­сы» жайында досынан естіген ол Ас­та­на қаласы Сарыарқа ауданындағы Жұ­мыспен қамту орталығына барады. Қан­дай бос жұмыс орындары бар екенін біл­ген соң шешім қабылдайды. Тәуекел деп «Жастар практикасына» қатысып, жұ­мысқа тұрады.
– Өзім 10 жасымнан бастап «Астана» фут­бол орталығында ойнадым. Жасым 19-ға толғанда «Шахтер» футбол коман­да­сы­мен келісімшарт жасастым. Универ­си­тетті бітірген соң «Ордабасы» клубына ауыс­тым. Мамандығым – аудармашы, Е.Бө­кетов атындағы Қарағанды универ­си­тетін бітірдім. 22 жасымда футбол­да­ғы карьерамды аяқтап, әскери салада қыз­мет еткім келді. Бірақ денсаулығыма бай­ланысты бұл арманым орындалмады. Бас­қа жұмыс табу үшін Халықты жұ­мыс­­пен қамту орталығына келдім. Қа­зір Сарыарқа ауданы әкімдігінде келі­сім­шарт бойынша коммуналдық шаруа­шы­лық бөлімінде жұмыс істеп жатыр­мын. Болашақ әріптестерім мені өте жы­лы қабылдады. Жұмысым өзіме қат­ты ұнайды. Әкімшілікте жүріп көп тә­жірибе жинақтадым, жақсы адам­дар­мен араластым, жаныма жақын достар тап­тым. Ең қуанарлығы, осында жұмыс іс­теп жүріп өзімнің өмірлік жарымды кез­дестірдім. Бұйыртса, жақында тойы­мыз болады.
Осы орайда өзім сияқты жұмыс із­де­ген жастарға Жұмыспен қамту орта­лы­ғына келіңіздер дегім келеді. Ол жер­де әртүрлі жұмыстар табуға болады. Осы орайда Жұмыспен қамту орталы­ғы­на және Сарыарқа ауданының әкім­ді­гіне шексіз алғысымды білдіремін, – де­ді Қазыбек Мәулен.
Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің дерегінше, «Жас­тар практикасына» қалған аза­матт­ар­дың жартысы тұрақты жұмысқа орна­ла­сады. Ал орналаса алмағандарға Жұ­мыс­­пен қамту орталығы басқа мүмкін­дік­терді ұсынады екен. Мысалы, басқа ме­кемеге жібереді немесе Enbek элект­рон­ды биржасына өтініш береді. Сон­дай-ақ жастар шағын кәсіп ашамын де­се, мемлекеттік грант алу сынды мем­лекеттік көмектің басқа да түрлерін пай­далана алады.

А.БИМЕНДИЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ