Жетісу облысында 100-ден астам лауазымды қызметкер жазаланды
Жетісу облысының табиғатты қорғау прокурорлары ветеринария туралы заңнаманы сақтау саласындағы уәкілетті органдардың қызметінде өрескел бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыс бойынша ветеринарияның лауазымды қызметкерлері жануарларды вакцинациялау кезінде 33 мың заң бұзушылыққа, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершіліктен босатудың 526 фактісіне жол берген.
Облыс аумағында «Сібір жарасы» ошақтарының иесіз 33 жерленген жері анықталды, онда оларды оқшаулау және сәйкестендіру шаралары жүргізілмеген.
Ветеринариялық мекемелерде қызметкерлердің жалған диплом пайдаланғаны туралы 4 фактісі анықталып, тағы 124 қызметкер білімі мен тәжірибесі бойынша атқаратын қызметтеріне сәйкес келмеген.
Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша 100-ден астам лауазымды қызметкер әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде аумақтың 3 инспекция басшысы мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін теріс қылық үшін жауапқа тартылды, – делінген хабарламада.
Мемлекет кірісіне 3 млн теңгеден астам қаржы өтелді.