«111» байланыс орталығының QR-кодтары іске қосылды
2025 жылдың қаңтар айынан бастап мектептер мен колледждерде ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп «111» байланыс орталығына қолжетімділікті арттыру үшін арнайы QR-кодтар енгізілді. Бұл орталық отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауда құқықтық, ұйымдастырушылық және психологиялық көмек көрсетеді.
Енді «111» нөміріне қоңырау шалу мүмкіндігінен басқа, балалар мен олардың ата-аналары QR-кодтар арқылы сұрау жібере алады. Олар барлық білім беру ұйымдарында, балалар үшін қолжетімді орындарда, сондай-ақ автобус аялдамаларында орналасқан. Аталған жаңалық көмек алудың қолайлылығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
«Бұрын балалар байланыс орталығына тек телефон арқылы ғана хабарласа алатын, ал енді олардың QR-кодтар арқылы сұрау жіберу мүмкіндігі бар. Бұл қолдауға жүгіну процесін айтарлықтай жеңілдетеді, оны неғұрлым ыңғайлы және қолжетімді етеді. QR-кодтар қажетті ақпарат пен көмекті жылдам және анонимді алуға мүмкіндік береді, бұл балалардың сауалдары мен мәселелеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша «111» байланыс орталығына балалардан 1000-ға жуық өтініш келіп түсті. Оларға анықтамалық ақпарат беріліп, психологиялық қолдау көрсетіліп, мемлекеттік органдармен ынтымақтастықта уақытылы көмек ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысы қабылдаған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң аясында «111» байланыс орталығының қызметі бекітілген болатын.
Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы