2025 жылы экологиялық мәдениетті ілгерілетуге арналған басқа да жобалар

0
15

2025 жылы елімізде қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға және қоғамды экологиялық бастамаларға тартуға бағытталған жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жалғасатын болады.

Бұл туралы Үкімет отырысында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндады. Ол Экология және экологиялық мәдениетті қалыптастыру тақырыбы Президенттің назарында екенін атап өтті.

«Осы уақыт аралығында атқарылған орасан зор жұмыс – елімізді Президент бастамасының айналасына жұмылдыруға тікелей әсер етіп, халық арасында эко-мәдениет ұғымының бекуіне ықпал етті», — деді министр.

Сондай-ақ министр ұйымдастыру жұмыстары аясында 15 мыңнан аса түрлі форматтағы іс-шаралар өтіп, оларға жалпы саны 90 мың эко-волонтерлар атсалысқанын мәлімдеді. Акция шеңберінде өткен «Киелі мекен» шарасы еліміздің тарихи-мәдени нысандарын тазалап, ретке келтіруге үлкен септігін тигізді. Осының арқасында 717 қастерлі орындар мен тарихи нысандар қайта жаңарды.

Қоғам тарапынан экологиялық тазалықты сақтау ісіне арнайы қадағалау орнатылды. Нәтижесінде, 3 мың адамды қамтыған 300 нысанға қоғамдық мониторинг жүргізіліп, оларды қоқыстан тазарту, жасыл-желекпен абаттандыру, оларға әсер ететін зиянды ортаны зерттеу сияқты нақты жұмыс атқарылды. Бұл жұмыстың нәтижелі болуына, 600 ден аса қоғамдық ұйымдар, эко-блогерлер мен еріктілер атсалысты.

«Мемлекет басшысының осы бастамасының негізгі қозғаушы күшіне айналған «Таза Қазақстан» жәй ғана қоғамдық акция емес, бүгінде тұтас ұлттың жүйелі идеологиялық ұстанымы болуы керек. Бұл туралы Президент жақында ғана «Ana Tili» басылымына берген сұқбат-үндеуінде нақты айтты. Ондағы басты ой – ұлттың, елдің келешек рухани болмысын лайықты өркениетті дәрежеге көтеріп, жан мен тазалығын, табиғи үйлесімділік пен адами тәлімді оның ең биік өмірлік құндылықтарына айналдыру. Сөз жоқ, мұндай гуманитарлық бастаманы қоғамның саяси-әлеуметтік санасына тиімді сіңіру үшін, ең алдымен, бұл жұмысты бірнеше стратегиялық мақсаттарға топтастыру қажет», — деді Аида Балаева.

Сондай-ақ министр жақын болашаққа арналған жоспарларымен бөлісті. Бірінші бағыт – ауқымды оқиғаларды ұйымдастыру арқылы жаңа экокультураны қалыптастыру. Білім мен тәжірибе алмасу, осы арқылы бірлесіп экологиялық мәселелерді шешу үшін «Таза лайк» жобасы басталады. Ол өз кезегінде осы тақырыппен айналысатын ғалымдар, қоғамдық ұйымдар, тіпті бұл мәселеге бейжай емес қарапайым адамдар үшін ортақ платформа болмақ. Жоба Наурыз мерекесі қарсаңында басталып 25-ші сәуірге дейін жалғасады. Өңірлер арасында эстафета форматында өтетін бұл жобаның шарықтау шағы Астанада үлкен Экофестивальмен қорытындалады. Бұдан бөлек, «Аяла» атты арт-фестиваль өткізу жоспарлануда. Ондағы мақсат – мектеп оқушылары мен жастар арасынан қоршаған ортаны қорғау бойынша озық, креативті идеялар жинап, оларды бірлесе жүзеге асыру.

Екінші. Экологиялық оқу-ағарту жұмыстарын жүргізу. Бұл жерде дәстүрлі ақпараттық жұмыстан бөлек, заманауи технологиялық шешімдерге ерекше назар аударылатын болады. Мәселен:

І. «Эко іс-шара» қосымшасын Е-гов және басқа да танымал мобильді жүйелеріне енгізіп, халықты экологиялық бастамалар мен түрлі шаралардан хабардар ету.

ІІ. Қоқысты бөліп саралау акциясын өткізу. Атап айту керек, мұндай жоба қазірдің өзінде Алматы мен Павлодар қалаларында оң нәтижелер көрсетіп отыр.

Қоқыс пен пластикалық бұйымдарды бөлек жинау жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ Жастар ресурстық орталықтары базасында «Эко хабтар» жобасын кеңейту ұсынылады. «Жасыл мектеп» жобасы 500 мың оқушыны және 3 млн-нан астам ата-ана мен олардың туыстарын тартуға мүмкіндік береді.

«Әрине, ерекше назарды арнайы киножобалар мен сериалдар түсіруге аударамыз. Жалпы, біз «қоршаған орта» тақырыбына 2025 жылдың басында-ақ кинотуындылар түсіруді басымдық ретінде белгілеп қойғанбыз. Осы жылдың өзінде орманшылар туралы «38» атты киножоба басталып кетті, келесі жылы бітіруді жоспарлап отырмыз. Қоқыспен күрескен эко-белсендінің оқиғасы туралы «Ақжауын» сериалын да осы жылы көрерменге ұсынатын боламыз. Сонымен бірге табиғатты аялау, еліміздің ең әдемі жерлерін насихаттауды мақсат еткен «Саяхат Тайм» трэвел шоу» ұлттық тележобасы мен кішкентай көрермендер үшін экологиялық танымды дамытатын үш бірдей анимациялық жоба түсірілетін болады», — деді спикер.

Үшінші бағыт – ортақ экологиялық келешек үшін жауапкершілікті бекіту. Бұл бағыттың негізгі мақсаты – шекара аймағында еріктілерді біріктіріп экологиялық акциялар өткізу, сол арқылы елдің ішінде ғана емес, сыртында да саналы экологиялық қоғамдастық қалыптастыру. Мәселен, Каспий теңізін тазартуды Қазақстаннан бастап, Әзербайжан тарапына табыстау. Дәл сол сияқты басқа да шекаралас жерлерде осындай жобаны іске асыру.

«Әрине, бұл жұмыс жоғарыдағы жобалармен шектелмейді. Эко-бақылау, эко-патруль сияқты өз тиімділігін көрсеткен жобалар өз жалғасын табуы керек деп санаймын. Оның қатысушыларын тек қоғамдық ұйым мен еріктілер қатарынан ғана емес, қоғамдық кеңестер, оқу орындары мен ғылыми институттар, БАҚ өкілдері мен кәсіпкерлермен толықтыру керектігіне күмәнім жоқ. Бұл, қоғамды жұмылдырып қана қоймай, Мемлекет басшысы баршамыздың алдымызға қойып отырған экологиялық мәдениетті ұлттық идеологиямыздың айнымас бөлшегіне айналдыруға себеп болары сөзсіз», — деп түйіндеді баяндамасын Аида Балаева.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз