2026 жылғы жаңа жол жобаларының сандық деректері мен фактілері

2026 жылы автожолдардың 11 мың шақырымынан астамын құрылыс, реконструкция және жөндеу жұмыстары қамтитын болады, оның ішінде 3,4 мың шақырымына жуығы жаңа құрылыс пен реконструкция жобалары болып табылады. 2026 жылы ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады және біз осы бастамалардың ең қызықты сандары мен негізгі параметрлерін ұсынамыз. Бұл бастамалар өңірлердің көліктік байланысын нығайтуға және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Ең ірі жобалардың бірі – «Орталық – Батыс» автожолы. Бұл жоба Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынды. Маршруттың жалпы ұзындығы 896 шақырымды құрайды. Жоба аясында 19 көлік қиылысы, 17 жол өткелі, 40 көпір, 654 су өткізгіш құбыр, 48 мал өткелі және 2 жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелі салу көзделген. Жоба еліміздің астанасын батыс өңірлермен тікелей байланыстыра отыра, Транскаспий маршрутына шығуды қамтамасыз етеді.
«Бейнеу – Сексеуіл» жобасы 559 шақырымды қамтиды. Жаңа маршрут Ақтөбе арқылы өтетін қолданыстағы бағытпен салыстырғанда қашықтықты 900 шақырымнан астамға қысқартады және өңірлер арасындағы тікелей жүруді қамтамасыз етеді.
Жезқазған – Қарағанды автожолының ұзындығы 572,6 шақырымды құрайды. Оның құрамында 52 көпір, 72 жол өткелі, 28 көлік қиылысы және 8 демалыс алаңы салынады.
Ірі жобалар қатарында – төрт жолақты Ақтөбе – Ұлғайсын жолы (ұзындығы шамамен 233 шақырым). Жобада 17 көпір, 16 жол өткелі, 14 көлік қиылысы, 374 су өткізгіш құбыр және ауыл шаруашылығы техникасына арналған 13 өткел салу, сондай-ақ зияткерлік көлік жүйесін енгізу және 234 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісін салу көзделген.
Атырау – Доссор автожолын реконструкциялау (ұзындығы 87 шақырым) 4 көпір, 1 екі деңгейлі көлік қиылысы, 3 жол өткелі, ауыл шаруашылығы техникасына арналған 18 өткел, 6 демалыс алаңы, 136 су өткізгіш құбыр және 30 мал өткелін салуды көздейді.
Сонымен қатар елді мекендерді айналып өтетін жолдардың құрылысы жүзеге асырылуда. Сарыағаш қаласын айналып өтетін жол 102,6 шақырымды құрайды және 22 көпір, 8 көлік қиылысы, 2 теміржол жол өткелі, 223 су өткізгіш құбыр, 26 автобус аялдамасы және 4 жаяу жүргіншілер өткелін қамтиды. Қызылорда қаласын айналып өтетін жолдың ұзындығы шамамен 26 шақырым, онда 4 көпір, 2 көлік қиылысы, 4 жол өткелі және жерасты өткелі қарастырылған.
Аталған жобаларды іске асыру өңірлер арасындағы қашықтықты айтарлықтай қысқартуға, қалалық жолдарға түсетін жүктемені азайтуға және қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.










